Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA, IBF IBO және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына отандасымыз Геннадий Головкин Астанадағы «Қазмедиа» орталығында жанкүйерлермен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында елімізге танымал «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Раxымбаев боксшыға Астанадан пәтер сыйға тартты.
- Біз Геннадий Головкиннің Қазақстанға келуін асыға күттік. Келгеніне үлкен рақмет. Осы орайда зор құрметпен Геннадийге пәтер кілтін табыстауға рұқсат етсеңіздер. Біздің чемпион өзіміздің үйде өмір сүруі керек, - деп пәтер кілтін табыстады.
Кездесу барысында боксшы жиналған жұртшылықтың сұрақтарына барынша жауап беруге тырысты. Олардың көпшілігі Сауль Альвареспен арадағы жекпе-жек туралы болды.
- Бұл жекпе-жекті өзім де тағатсыздана күтіп жүрмін. Жекпе-жектің ұйымдастырылуына бар күшімізді салып жатырмыз. Мен орта салмақта барлық белбеулерді иеленсем деймін», - деді GGG.
Сондай-ақ 2017 жылғы EXPO қарсаңында Астана қаласында жекпе-жек өткізуі туралы да сұрақтар қойылды.
- Біз Астанаға «НВО» телеарнасының түсірілім тобын ала келдік. Олар қала туралы, жекпе-жек ұйымдастырылатын жағдайда қалай көрініс табатыны туралы түсірілімдер жасауда. Біз бұл жекпе-жекті жоғары деңгейде ұйымдастыра аламыз деген сенімдемін. Егер барлығы ойдағыдай болып жатса, ендігі жылдан кеш болмас. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазақстанда жекпе-жек өткізуге құлшынысым жоғары. Үлкен кәсіпқой бокс кешін ұйымдастырып, жанкүйерлерді неге қуантасқа?! Біздің ел бұған лайықты, - деді Геннадий Головкин.
Кездесу соңынан Геннадий Головкин жиналғандарға қолтаңба беріп, естелік суреттерге түсті.
Айта кетейік, осыған дейін «НВО» арнасы Қазақстанда Геннадий Головкин жайлы фильмнің түсірілім жұмыстарын жүргізгені туралы хабарлаған едік.