Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) промоутері Том Леффлермен жұмысын жалғастыруды тоқтатуы мүмкін, - деп хабарлайды Vesti.kz сайты Los Angeles Times басылымына сілтеме жасап.
GGG жаттықтырушысы Абель Санчес бұл ақпаратты растамаған. Ал Леффлер болса әзірге ләм-мим деген жоқ.
- Боксшы - ол боксшы, ал промоутер - ол промоутер. Головкин өзі үшін, отбасы үшін жақсы шешім қабылдауға құқылы, - дейді Санчес.
Геннадий Головкин мен Том Леффлер арасындағы серіктестік 2011 жылы басталған. Ол кезде америкалық маман сот арқылы немістің Universum компаниясымен келісімін үзген еді. Генаны өз командасы қатарында Golden Boy Promotions иесі Оскар Де Ла Хойя да көргісі келген.
Желтоқсан айының басында Геннадий Головкин Лос-Анджелесте промоутер Эдди Хирн және DAZN сервистік орталығының өкілі Джон Скиппермен жолыққан болатын. Төрт сағатқа созылған әңгіме барысында қазақстандық боксшыға айрықша келісімшарттар ұсынылған. Бұл кездесуге Леффлер қатыспаған.
Телеарна көрсетілімі бойынша қазір Головкинде таңдау бар. 2012 жылдан бері келісімде болған НВО арнасы келер жылдан бастап бокспен "бас қатырмау" туралы шешім қабылдаған. Қазақстандық боксшы арнамен келісім бойынша Сауль "Канело" Альвареске қарсы соңғы кездесуін өткізді. Мексикалық боксшының да осы жекпе-жекпен келісімі аяқталған болатын. Кейіннен ол DAZN стримингтік сервисімен рекордтық көрсеткіште келісімге келді.
Генаға DAZN, ESPN арнасы және Premier Boxing Champions (Fox/Showtime) жобалары бойынша ұсыныс түскен. Қазақстандық боксшы соңғы шешімін жыл соңына қарай айтпақ.