Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес екінші жекпе-жегі алдында допинг тексеруден өтті.
Бұл жекпе-жек бойынша допинг-сынаманы VADA (Допингке ерікті тестілеу қауымдастығы) жүргізеді. Боксшылар сынаманы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) "Таза бокс" бағдарламасы аясында тапсырды.
VADA ұйымының твиттердегі ресми парақшасында GGG сынаманы жетінші рет, ал "Канело" - алтыншы рет тапсырғаны жазылған.
Қос боксшы арасындағы екінші кездесу 5 мамыр күні өтеді. НВО арнасы ақылы көрсетілім (РРV) бойынша трансляция тарататын болады. Әзірге жекпе-жектің қайда өтетіні белгісіз.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы кездесу 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен болатын. Төрешілер шешімі бойынша боксшылар тең түскен-ді.