Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин Лос-Анджелесте ашық жаттығу өткізді.
Екі боксшының қатысуымен болатын ашық жаттығулар бүгін "Лос-Анджелес" футбол клубының стадионы "Banc of California"-да өтуде. Жанкүйерлер үшін кіру тегін.
Геннадий Головкин алдымен жаттығу жұмыстарын жасады. Жаттықтырушысы Абель Санчеспен бірлесе дайындығын көрсетті. Соңынан жиналған жанкүйерлеріне қолтаңба таратты.
Қазақстандық боксшыдан кейін бірінші орта салмақта WBO чемпионы Хайме Мунгуйя (30-0, 25 КО) ашық жаттығу өткізді. Ол GGG мен "Канело" кездесуінің андеркартында канадалық Брэндон Кукпен (20-1, 13 КО) жұдырықтасады. Соңғы болып Сауль жаттығу өткізетін болады.
Алдағы жекпе-жекке екі боксшы да Калифорния штатында дайындалады. Отандасымыздың жаттығу лагері Биг-Беэр қаласында болса, Альварес Сан-Диегода жаттығады.
Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек 15 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтеді. Алғашқы кездесуде екі боксшы тең түскен болатын. Алдағы жекпе-жекте отандасымыз чемпиондық атағының барлығын қорғайтын болады. Сондай-ақ иесіз тұрған The Ring чемпиондық атағы мен WBC ұйымының арнайы белбеуі де жеңімпазға табысталатын болады.