Геннадий Головкин жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Геннадий Головкин жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті
Фото ©️ HBO Boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен америкалық боксшы Ванес Мартиросян салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

БӨЛІСУ

Генаның салмағы 160 фунт болса, Ванес 159,6 фунт болды. Яғни қазақстандық боксшы 72,574 кг, америкалықтың салмағы 72,393 кг-ды тартты. Салмақ айырмашылығы 181 грамм ғана. Орта салмақтағы боксшылар шектеуі 160 фунт болып саналады.

Қос боксшы ертең таңда Карсондағы (АҚШ, Калифорния штаты) бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтасады. GGG бұл кездесуден 1 миллион доллар көлемінде сыйақы алса, Ванес Мартиросян 225 мың доллар табысқа кенеледі. Ал жекпе-жектен түсетін қаржы бұл табысқа кірмейді. Оны боксшылар бөлек алатын болады.

Ванес Мартиросян тегі армениялық боксшы. Ол 4 жасқа толғанда отбасы АҚШ-қа қоныс аударған. Ал бокспен 7 жасынан бастап шұғылдана бастаған. Әкесінің өзі әуесқой боксшы болған. Ұлының да бокста биік белестерді бағындырғанын қалаған.

Ол кәсіпқой бокстағы барлық жекпе-жектерін бірінші орта салмақта өткізген. 33 жекпе-жекте қатарынан жеңіске жеткен. 2012 жылы кубалық Эрисланди Ларамен тең түседі. Араға бір жыл сала америкалық боксшы Деметриус Андрадеге ұпай айырмасымен жол беріп, алғаш рет жеңіледі.

2015 жылы отандасы Джермелл Чарлодан жеңілген. 2016 жылы кубалық Эрисланди Лараға қарсы кездесу өткізіп, ұпай айырмасымен ұтылған. Одан бергі 2 жыл ішінде шаршы алаңға шықпаған.

Америкалық боксшы 20 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Ал бұл нәтижесін Геннадий Головкинмен салыстыруға келмейді. Отандасымыз 38 жекпе-жек өткізіп, тек Сауль Альвареске қарсы кездесуінде ғана тең түсті. 33 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтқан.