Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы GGG командасының ресми өкілі Жанар Өтешева "Instagram" желісіндегі өзінің парақшасында хабарлады.
Геннадий Головкин Гиннестің рекордтар кітабына орта салмақта осы уақытқа дейін өткізген жекпе-жектеріндегі нокауттарының пайыз көрсеткіші бойынша еніп отыр. Жекпе-жектеріндегі нокауттар санын пайызға шаққанда 91,67-ге тең.
Қазақстандық боксшы 36 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 33 кездесуін нокаутпен аяқтаған.
Геннадий Головкинге Гиннес рекордтар кітабының сертификаты Голливудта өтіп жатқан «WBC» 54-ші конвенциясында табысталды. Сонымен қатар, осы шарада қазақстандық боксшы тағы екі марапатқа ие болды. «WBC» Головкинның Келл Брукпен өткізген жекпе-жегін «Жыл оқиғасы» деп бағаласа, сондай-ақ қазіргі таңдағы ең мерейі үстем боксшы ретінде арнайы сый табыстады.