Генаның алдағы қарсыластары анықталды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Генаның алдағы қарсыластары анықталды

Орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің промоутері (кездесулерді ұйымдастырушы маман) Том Леффлер өз клиентіне жақын болашақта қарсылас атануы мүмкін боксшылардың есімдерін атады. Бұл туралы MMABoxing.ru порталы хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Сонымен Леффлердің сөзінше, Головкин жақын арада аргентиналық суперчемпион Серхио Мартинеспен кездесуі мүмкін. Одан бөлек промоутер кәсіби рингте өзіндік салмағы бар мексикандық Хулио Сезар Чавестің кандидатурасын да қарастырып отырғандығын айта кетті.  

Сондай-ақ Генаның командасы пуэрто-риколық Мигель Котто мен америкалық атақты боксшы, Олимпиада чемпионы Андре Уордпен кездесу ұйымдастыру үшін бар жағдайды жасауға дайын. «Қазіргі таңда бұл аталған жігіттердің аттары жер жарып тұр. Олармен кездесу үшін ең алдымен олар алдағы кездесулерін сәтті өткізулері тиіс. Сондай-ақ біздің тізімде Питер Куиллиннің де бар екендігін айтқым келеді. Кездесулерін тек Нью-Йорк төрінде өткізетін ол осы күнге дейін жеңілістің не екенін білмей келеді. Оған деген құрметіміз шексіз. Біз Головкин мен Куилиннің жұдырықтасуы үшін оның командасымен үстел басына отырып, барлық мәселені асықпай талқылауымыз керек»,-деп келтіреді Леффлер сөзін MMABoxing.ru.

Айта кетейік, қазіргі кезде Геннадий (GGG) Головкин бруклиндік Кертис Стивенске қарсы кездесуге қызу дайындалып жатыр. Бұл жекпе-жек 2 қарашада Нью-Йорктегі атақты Madison Square Garden спорт кешенінде өтеді. Ал бұл кешке сатылып жатқан билет бағалары 50 – 300 доллар аралығын құрап отыр. Егер Головкин жеңіске жетіп жатса, онда ол британдық Мартин Маррейге (25-1-1, 11 КО) қарсы рингке көтерілуі тиіс. Бұл міндетті оған WBA ұйымы қойып отыр. Алайда одан бұрын Маррей 11 желтоқсан күні Аустралияда Гарт Вудқа қарсы өтетін кездесуде жеңіске жетуі керек.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sports.kz