WBA (Super), IBF, IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бірінші бапкері Виктор Дмитриев Vesti.kz сайтына берген сұхбатында қазақстандық боксшының америкалық Доминик Уэйдпен жекпе-жегі жайлы пікірін білдірді.
"Гена керемет өнер көрсетті. Танк секілді, ашулы болды. Көздерін көріп, қазір не боларын бірден түсіндім. Бастапқыда ол қарсыласын түртіп көріп, кейін ұрғылай бастады. Біздің әдіс жүрді. Жылдам өтіп кетсе де жекпе-жек жалпы жақсы өтті. Оның Генаға дым қызығы жоқ қарсылас екені белгілі. Генаға қарсы бірдеңе жасап көрмек болды, сөздері тиіп кетті ме, әйтеуір Гена осыдан кейін оталып кетті, жылдамдықты қосты, америкалықтың осымен шаруасы бітті. Жекпе-жекке дейін Головкиннің жеңіліп көрмегеніне сенбейтінін айтқан болуы керек. Ал оның өзі кім? Гена бәрін дұрыс жасады, мүмкіндік бермеді. Уэйдтің жолы болды. Гена оны рингте жерлеп тастай алар еді, боксты тастап кетер ме еді. Генаның жұдырығының дәмін татып көргендердің қазір қарасы көрінбейді. Жылдамдық деген осы. Аздап қосты да, 3-5 соққы жасап еді, жекпе-жек аяқталды. Генаға қазір қарсылас жоқ", - деді Дмитриев.
"Уэйдке келсек, Гена Америкада жұмыс істей бастағалы бері одан әлсіз қарсылас кездеспеген. Иә, 6-7 раундқа созылған жекпе-жектер болды, бірақ, меніңше, бұл бизнес үшін қажет. Ал Головкинге тең адам жоқ. Бұл қарсыласы мақтанып, көлгірсімеді, алдыңғылары бірдеңе деймін деп, бірден құрыды", - деді ол.
Чемпионның тағы бір бұрынғы бапкері - ҚР бокстан жастар құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев Головкиннің күші Уэйдке қарағанда сатылап жоғары болғаны көрінгенін айтты.
"Гена әдемі нокаутпен жеңгісі келді, бірақ Уэйд уақытынан бұрын беріле салды. Оған қиын болар еді. Егер тағы бір соққы алса, рингтен өз аяғымен кете алмайтын еді. Уэйд соққыға төзбейді екен. Головкиннің соққысын көпшілігі ұстай алмайды, соңына дейін тұрып бере алмайды. Сондықтан Уэйд бұл жекпе-жектен сабақ алғысы келсе де, ештеңеге үлгермеді", - деді Кенжебаев.
Оның пікірінше, кәсіпқой бокста жүрген америкалық боксшылар Головкиннің арқасында қазақстандық боксшылардың деңгейін түсініп отыр.
Еске салайық, Головкин IBF белбеуіне міндетті үміткер Доминик Уэйдті бүгін таңда екінші раундта нокаутқа түсіріп, 35-ші жеңісіне қол жеткізген еді. Жекпе-жек Лос-Анджелестегі "Форум" аренасында өтті.
Дереккөз: Tengrinews