Галышева – әлем кубогының үздік үштігінде

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Галышева – әлем кубогының үздік үштігінде
Фото ©️ m.vesti.kz

Қазақстандық фристайлшы қыз Юлия Галышева биыл әлем кубогының кезеңдік сайыстарында ерекше көзге түсіп жүр. Юлия Америкада өткен екі кезеңдік сында жеңіс тұғырына көтеріліп, жалпы есепте үздік үштікке жайғасты. 

БӨЛІСУ

Нақтырақ айтқанда, шығысқазақстандық батыл қыз Дир-Вэллиде өткен әлем кубогының соңғы кезеңдік сайыстарының екеуінде де екінші орынға ие болды. Сөйтіп, жалпы есепте 248 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. 

Юлияның алдында – Канаданың бағына біткен апалы-сіңілі үш қыздың екеуі. Ең кішілері Жюстин Дюфур-Лапуант 404 ұпаймен бірінші орынды, ал ортаншылары Хлоэ Дюфур-Лапуант 318 ұпаймен екінші орынды иеленіп тұр. Ал апалы-сіңілі қыздардың ең үлкені, яғни Максим Дюфур-Лапуант 193 ұпаймен бесінші орынды «меншіктеп» алған. Соңғысы мен Юлияның арасына 206 ұпаймен Америка аруы Микаэла Мэтьюс орналасқан. 

Биылғы әлем кубогының жеңімпазына берілетін «Хрусталь глобус» осы бес қыз арасында сарапқа салынады. Кезеңдік сайыстардың соңғы екеуі Жапония мен Ресейде өтеді. Юлия осы екеуінде барын салып, әлі де жоғары өрлеуді мақсат тұтып отыр. 

Жалпы, Юлия – фристайл спортындағы могул жаттығуының хас шебері. Жарыс жолында шаңғысымен төмен қарай құлдырап, ешбір жанның жүрегі дауаламайтын акробатикалық қимылдарды жасайды. Тіпті өте қауіпті трюктерді де орындайды. Қардан жасалған тұғырдан секіргенде, алға қарай еңкейіп, шаңғысының басынан ұстап алып, сальто жасайды. Ержүрек, батыл әрі қайсар қыз. Басты мақсаты – Олимпиада ойындарына қатысып, төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада жүлде алу. Өскеменнің өжет қызы бір емес, екі Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап отыр. Әрине, бәріне уақыт – төреші. Бақ шаба ма, бап шаба ма, оны өмір көрсетеді. Әйтсе де, Юлияның асқақ арманы – Ақ Олимпиадада саф алтынмен апталып, еліміздің абыройын асқақтата беру. 

Өздеріңіз білесіздер, Юлия Сочи Олимпиадасына қатысқан. Жай ғана қатыспай, небір үздік могулшы қыздардан асып түскендей де еді. Бірақ, бірақ... төрешілер алқасы Шығыс Қазақстанның қаршадай қызына бір жүлдені көпсінгендей, оның өнеріне тиісті бағасын қоймай, «қақпайлағандай» болды. Ақыры Юлия финалда жүлделі орындарды сарапқа салатын үздік алтылыққа іліге алмай, 7-орынды қанағат тұтты. 

Юлия бастапқыда өкінгенімен, соның бәрін көңіліне түйіп, қайтсе де төрешілерді мойындатуға көшті. Бірінші кезекте, жыл сайынғы әлем кубогының кезеңдік сайыстарына қатысып, өзінің нағыз шебер фристайлшы екендігін дәлелдеуге тырысып жүр. Жүлделі орындарға жиі-жиі ілігіп, мамандар көзіне түсе беруді көксейді. Қазір бұрынғыдай емес, төрешілер оның аты-жөнін де, қабілеті мен мүмкіндігін де жақсы біледі. 

ҚР фристайл және сноуборд федерациясының вице-президенті Елена Круглыхина да Юлияны өз қарамағына алып, жеке жаттықтырушысы болған. Екеуінің жоспарлары – айқын, мақсаттары – биік. Арман ілгері жетелеп, жеңіс алдан «қол бұлғап» Крухлыхина мен Галышева ерінбей еңбек етіп, шүмектетіп тер төгіп жүр. Мұның бәрі зая кетпейді деп ойлаймыз. Әрі бейнеттерінің зейнетін көруге тілектеспіз...

Нұрғазы Сасаев