Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская Германияның Оберхоф қаласында өткен әлем кубогындағы масс-стартта төртінші болып мәре сызығын кесті. Бұл қазақстандық спортшының ірі жетістігі деп бағалауға болады.
Галина Вишневская жарысты сәтті бастады. Тек соңғы нысана көздеуде ғана бір рет мүлт кеткен Галина алдыңғы үштікті қуып жете алмаса да, жарыс мәресінде украиналық Юлия Джима мен германиялық Франциска Хильдебрандты басып озып, төртінші орынды асқан табандылықпен жеңіп алды.
Жарыста чех спортшысы Габриэла Коукалова бірінші болып келді. Екінші болып мәре сызығын неміс спортшысы Лаура Далмайер кессе, үштікті екінші бір чех спортшысы Ева Пускарчикова қорытындылады.