Галбадрах Отгонцэцэг әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Галбадрах Отгонцэцэг әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды
Фото ©️ fdk.kz

Бүгін Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде жеңіл салмақтағы дзюдошылар татамиге шықты.

БӨЛІСУ

Қазақстан сапынан ерлерден 60 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев шықса, әйелдер құрамасынан 48 келіге дейінгі салмақта Галбадрах Отгонцэцэг белдесті.

Отгонцэцэг Галбадрах Әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Қазақстандық дзюдошы шешуші жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Мунхбат Уранцэцэгтен басым түсті.

Ол бірінші белдесуінде бразилиялық Габриела Шибаноны, екінші айналымда испаниялық Лаура Мартинез Абеленданы ұтты. Алайда ширек финалда Еуропа чемпионы украиналық Дарья Белодедке (украиналық дзюдошы әлем чемпионы атанды) есе жіберіп, жартылай финалға шыға алмады. Ал жұбаныш белдесуінде Словения спортшысы Маруса Штангерді иппонмен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күресуге мүмкіндік алған болатын.

Ал 60 келіге дейінгі салмақта қатысқан Ғұсман Қырғызбаев іріктеу кезеңінің үшінші белдесінде бразилиялық спортшы Эрике Такабатикеге есе жіберіп, жарыстан шықты. Ол өзінің бірінші кездесуінде түркиялық Сахин Ахмед Кабаны иппонмен, екінші айналымда монаколық Ян Циккардиден айласын асырған болатын.

Жылдың ең маңызды додасына әлемнің 125 елінен 758 дзюдошы қатысуда. Әлем чемпионаты 27 қыркүйекке дейін жалғасады.