2015-2016 жылғы Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде еліміздің «Астана» футбол клубымен бір топта ойнаған Түркияның «Галатасарай» командасы бір маусымға еурокубок ойындарынан шеттетілді. Бұл туралы УЕФА-ның ресми сайты хабарлап отыр.
Стамбулдық ұжым УЕФА-ның Fair Play қаржылық ережесін сақтамағаны үшін жазаға ұшырап отыр. Осыған дейін УЕФА «Галатасарайға» ескерту жасаған. Ал клуб болса өз олқылықтарының орнын толтырмаған.
Осыған дейін «Астана» «Галатасарайдың» орнына Еуропа лигасында ойнауы мүмкін деген ақпарлар тараған еді. Алайда түркиялық клуб Еуропа лигасының 1/16 финалында Италияның «Лацио» клубына есе жіберіп, жарысты аяқтады.
Қазіргі таңда «Галатасарай» Түркия суперлигасында бесінші орында келеді.