Футзалдан Колумбияда өтетін әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Қазақстан құрамасы «Е» тобында Аргентина, Коста-Рика және Соломон аралдары құрамасымен ойнайтын болды.
Какау жаттықтыратын қазақстандық команда шешуші кездесуде Польша құрамасын екі ойын нәтижесі бойынша 8:1 есебімен жеңіп, араға 16 жыл салып әлем чемпионаты жолдамасын иеленген еді. Ал Еуропа чемпионатында қола жүлдені жеңіп, айды аспанға бір шығарған болатын.
Жеребе қорытындысы төмендегідей:
«А» тобы: Колумбия, Португалия, Өзбекстан және Панама
«B» тобы: Тайланд, Ресей, Куба және Египет
«C» тобы: Парагвай, Италия, Вьетнам және Гватемала
«D» тобы: Украина, Бразилия, Мозамбик және Австралия
«E» тобы: Аргентина, Қазақстан, Соломон аралдары және Коста-Рика
«F» тобы: Иран, Испания, Марокко және Әзірбайжан
Колумбиядағы дода 10 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын 12 қыркүйек күні Аргентина құрамасына қарсы өткізеді.
Айта кетейік, футзалдан әлем чемпионаты 1989 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Төрт жылда бір өтетін доданың тарихында Бразилия құрамасы 5 рет, Испания құрамасы 2 рет жеңіс тұғырынан көрінген. Өзге елдің құрамалары бұл жетістікті әлі бағындыра қойған жоқ.
Әлем чемпионатының финалдық ойындары: (жақша ішіндегі ұйымдастырушы елдер)
2012 жыл: Бразилия - Испания 3:2, қосымша уақытта (Таиланд)
2008 жыл: Бразилия - Испания 2:2, пенальти сериясында Бразилия жеңген 4-3 (Бразилия)
2004 жыл: Испания - Италия 2:1 (Қытайлық Тайпэй)
2000 жыл: Испания - Бразилия 4:3 (Гватемала)
1996 жыл: Бразилия - Испания 6:4 (Испания)
1992 жыл: Бразилия - АҚШ 4:1 (Гонконг)
1989 жыл: Бразилия - Нидерланд 2:1 (Нидерланд)