Шағын футболдан (футзал) Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатына шығуға нықтап қадам жасады. Бразилиялық маман Какау жаттықтыратын отандастарымыз Зеницада Босния және Герцеговина құрамасын ойсырата ұтты.
Шағын футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионаты Сербияда өтеді. Қазақстан құрамасы бұл додаға қатысу үшін плей-офф кезеңінде Босния және Герцеговина құрамасын ұтуы тиіс. Екі ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен ұжым Еуропа чемпионатына жолдама алады.
Қазақстан құрамасы бірінші ойынды сәтті аяқтады. Какау шәкірттері сырт алаңдағы ойынында Босния және Герцеговинаны 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Кездесуде Дәурен Нұрғожин, Серік Жаманқұлов, Лео бір-бір голдан соқса, Дуглас Жуниор дубль орындады.
Қарымта ойын 22 қыркүйек күні Алматыда өтеді.