Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатын ширек финалда аяқтады. Жартылай финал жолдамасы үшін өткен ойында Украина құрамасына жол берді.
Амстердамда өткен ойында украиндар 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші кезеңде Украина құрамасы сапынан Шотурма пенальтиді сәтті орындап командасын алға шығарды.
Екінші кезеңде де бірінші болып украиндар гол соқты. Игорь Корсун есепті еселесе, 29 минутта Михаил Зварыч нәтижені 3:0-ге жеткізді. Одан кейін Қазақстан құрамасы есепті қысқарта білді. Дуглас пен Біржан Оразов гол соқты.
Бес ойыншымен шабуыл кезінде Украина құрамасы өз мүмкіндіктерін кезекті рет пайдаланды. Ашық қақпаға екі гол соқты. Ойындағы соңғы голды Біржан Оразов соғып, Еуропа чемпионатындағы 7-ші голын өз еншісіне жазды.
Осылайша Қазақстан құрамасы жарысты ширек финалда аяқтады. Украина жартылай финалда Ресей және Грузия құрамалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі.