Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылы Сербияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Отандастарымыз қарымта ойында Босния және Герцеговинаны 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Бразилиялық бапкер Какау жаттықтыратын ұлттық құрама топтық кезеңде екінші орын алып, плей-офф кезеңінде жолдама иеленуге мүмкіндік алған еді. Жеребе бойынша плей-офф кезеңінде Қазақстан құрамасына Босния және Герцеговина қарсылас атанды. 15 қыркүйек күні сырт алаңда өткен ойында отандастарымыз 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өткен қарымта ойында Қазақстан құрамасы қарсыластарынан тағы да ірі есеппен басым түсті. Қос ойын қорытындысы бойынша 9:0 есебімен жеңіске жеткен Какау шәкірттері Еуропа чемпионатына жолдама алды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына тұңғыш рет жолдама алып отыр. Дүбірлі дода 2016 жылдың 2-13 ақпан аралығында Сербия астанасы Белградта өтеді.