Футзалдан Колумбияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы ширек финалға шыға алмады. Отандастарымыз 1/8 финалда Испания құрамасына жол берді.
Тартысқа толы өткен ойында испандықтар 5:2 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасы екі рет таразы басын теңестіргенмен, кейінгі голдарына жауап қата алмады.
Бірінші кезеңде командалар 1:1 есебімен тең түсіп шықты. 3 минутта Лозано есеп ашcа, араға 2 минут сала Шыңғыс Есенаманов есепті теңестірді. Екінші кезеңде Бебе Испания құрамасын кезекті рет алға шығарды. 31 минутта Дәурен Нұрғожин нәтижені қайта теңестірді. Алайда араға бірнеше минут сала өз қақпасына гол соғып алды. Ал ойынның соңына қарай тәуекелге барып, шабуылын үдете түсті. Дегенмен қарымта шабуылдарға дайын болмай шықты. Кампос пен Мигелин есепті 5:2-ге жеткізіп, Испания құрамасына айқын жеңіс сыйлады.
Айта кетейік, футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына екінші рет қатысты. Алғаш рет екі ойын қатарынан жеңіске жетті.
Қазақстан мен Испания құрамалары осы жылы екі рет кездесті. Сербияда өткен Еуропа чемпионатының жартылай финалында отандастарымыз қарсыластарына 5:3 есебімен есе жіберіп алған еді.
Испания — Қазақстан 5:2 (1:1)
Голдар: Лозано 3 (1:0), Есенаманов 5 (1:1), Бебе 23 (2:1), Нұрғожин 31 (2:2), Нұрғожин автогол 32 (3:2), Кампос 39 (4:2), Мигелин 40 (5:2).