Футболдан үздік дәрігерлер командасы анықталды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Футболдан үздік дәрігерлер командасы анықталды
Фото ©️ vesti.kz

Алматыда футболдан дәрігерлер арасында Қазақстан чемпионаты жарысы өтті. Екі күнге созылған "Nobel Cup - 2018" турниріне биыл еліміздің әр өңірінен келген 16 команда қатысты, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.  

БӨЛІСУ

- Бұл турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Биыл республикалық деңгейге көтерілді. Негізіне бұл жарысты Nobel фармацевтикалық фабрикасы және дәрігер мамандар арасындағы әуесқой футбол ұйымымен бірге қолға алғанбыз. Биылғы жарысқа барлығы 16 команда қатысты. Үздік ойыншылардан құрама түзіліп, алда Ташкентте өтетін Достастық кубогына қатысады, - деді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Санжар Хамидов.

Медицина қызметкерлері арасындағы биылғы жарыс тартысқа толы болды. Ақ халатты абзал жандар жасыл алаңда жеңіске деген жігерін танытты. Жеңімпаз атану үшін дәрігер футболшылар барын салды.

Екі күн ішінде командалар бірнеше ойыннан өткізді. Командалар үшін тынығатын уақыттың өзі аз болды. Сонда да дәрігерлер жүлде жолында аянып қалмады.

Команда сапында 35 және 40 жастан асқан бір-бір ойыншының алаңда ойнауы міндетті болды. Негізгі уақыт пен қосымша уақытта да тең ойнап, пенальти сериясында бақ сынаған командалардың ойыны да тартысты болды.

Финалда Алматы мен Түркістан облыстарының командалары кездесті. Ойын шиеленіс пен қақтығысқа толы болып, төреші тарапына сары қағаз алған ойыншылардың саны да көп болды. Алаңдағы бұл бәсекелестік финал көрігін қыздыра түсті. Алматы облысының дәрігерлері айласын асырып, жарыс жеңімпазы атанды. Түркістан облысынан келген құрама күміс медальды еншілеп қайтса, үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері ие болды.

Nobel Cup - 2018 турнирінің қорытындысы бойынша құрама жасақталып, қазан айында Ташкентте өтетін Достастық кубогына қатысады.

Турнир аясында жарысқа қатысушылар көзі тірісінде "халық академигі", "алтын қолды дәрігер" атанған Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевты еске алды. 30 мыңға жуық ота жасап, 5 мыңнан аса адамның өмірін аман алып қалған дәрігер 2012 жылы 53 жасында дүниеден озған-ды. Елімізге белгілі хирургтің ағайын-туыстары осы жарыста Жеңіске деген жігері үшін ынталандыру сыйлығын тағайындады. бұл марапатқа екіннші орын алған Түркістан облысының дәрігерлер командасы ие болды.

- Біз соңғы 20-30 жылда Нұртаспен бірге жексенбі сайын футбол ойнап тұрдық. 2012 жылдың 5 тамызында осындай жасыл алаңдағы үзіліс кезінде жүрегі ауырып тұрғанын айтты. Өзі жедел жәрдем шақырды. Бірақ ауруханаға жеткізіп үлгермедік. Нұртасты еске алуға арналған турнир ұйымдастырып та тұрамыз. Оған Алматыдағы аурухана қызметкерлері қатысып тұрады, - деді дәрігер хирургтің туысы Нұркен Галиакбаров.