Қазақстан футбол федерациясы мен Білім және ғылым министрлігі өзара меморандумға қол қойды. Нәтижесінде футболдан ұлттық студенттер лигасы құрылатын болды.
«14 мамыр күні турнирдің ашылу салтанаты өтеді. Алғашқы ойындарға Елорданың жоғарғы оқу орындарынан сегіз команда қатысқалы отыр. Қыркүйек айында алматылық жоғарғы оқу орындары арасында жалғасын тапса, соңынан өзге аймақтарда ұйымдастырылатын болады. Бірінші футзалдан бастауды жөн санап отырмыз», - деді білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Қазақстан футбол федерациясы өз кезегінде турнирді ұйымдастыратын болды. Студенттердің үлкен футболға жолының ашылуына жағдай жасалмақ.
«Біз төрешілер жұбы мен инспекторларды жақында бекітеміз. «ФФК-ТВ» алғашқы кездесулердің финалдық ойындарын көрсетеді. Үздік атанған үш футболшы Венргия мен Қазақстан жолдастық кездесуінің куәгері болып, жасыл алаңдағы ойын аурасын сезініп қайтатын болады», - деді ҚФФ бас хатшысы Аллен Шайжүнісов.
1 қыркүйектен бастап турнирдің республикалық көлемдегі жобасы қолға алынбақ. ҚФФ бас хатшысы мәлімдеуі бойынша, футбол додасы тартысты чемпионатқа айналады деп саналуда.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай