Елорда мерекесіне орай футболдан Қазақстан мен Ресейдің өнер жұлдыздары «Астана кубогын» сарапқа салған жолдастық кездесу өткізді. Қажымұқан Мұңайтпасов стадионында өткен ойында «Алатау» қарсыластарын ойын соңындағы пенальти сериясында жеңді.
Қазақстандық өнер жұлдыздарынан құралған «Алатау» командасы ресейлік әріптестерінен жасақталған «Starco» командасымен негізгі уақытта тең ойнады. Нәтижесінде ойын соңындағы пенальти сериясында 3:1 есебімен жеңіп, «Астана кубогын» иеленді. Өнер жұлдыздары жеңісін Астана күніне арнады. Қазақстандық клубтың намысын Абдулкарим Каримов, Нұржан Керменбаев, «МузАрт» тобы, «Нұр-Мұқасан» және «Ринго» тобы т.б. қорғаса, ресейлік команда сапында Ираклий Пирцхалава, Михаил Гребенщиков және Илья Авербух сынды танымал өнер жұлдыздары да келді.
Айта кетейік, «Алатау» мен «Starco» командалары өткен жылы қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, Алматыда жолдастық кездесу өткізген болатын. Ойында отандық өнер жұлдыздары 3:1 есебімен басым түскен еді.