Футболдан Қазақстан құрамасы Венгриямен жолдастық кездесу өткізеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Футболдан Қазақстан құрамасы Венгриямен жолдастық кездесу өткізеді
Фото ©️ kff.kz

Футболдан Қазақстан құрамасы Венгриямен жолдастық кездесу өткізеді. Ойын 23 наурыз күні Венгрия астанасы Будапешттегі "Групама Арена" стадионында өтеді, - деп хабарлайды ҚФФ ресми сайты.

БӨЛІСУ

Венгрия құрамасы ФИФА рейтингінде 54-орында тұр. 2016 жылғы Еуропа чемпионатында топтық кезеңнен бірінші орынмен шықты. 1/8 айналымда Бельгия құрамасына есе жіберді.

Өткен жылдың күзінен бастап Венгрия құрамасын бельгиялық маман Жорж Лекенс жаттықтырады. Ол Тунис, Алжир және Бельгия ұлттық құрамаларын жаттықтырып танылған маман. Сонымен қатар, 68 жастағы жаттықтырушы бельгиялық "Андерлехт", "Брюгге", "Гент", "Локерен", түркиялық "Трабзонспор" және Нидерландтың "Рода" клубтарында да қызметте болған.

Қазіргі Венгрия құрамасында Балаж Джуджак, Тамаш Пришкин, Адам Салаи сынды ойыншыларды ерекше атап өтуге болады. 

- Біздің команда үшін соңғы Еуропа чемпионатының басты сенсациясына айналған Венгрия құрамасымен ойнау өте қызықты болмақ. Өткен ғасырдың ортасында Венгрия футболы Еуропа мен әлемде ең мықты ұжымдардың бірі саналды.  Венгрия футболы қазіргі таңда жаңа деңгейге шығып келеді. Оны ұлттық құраманың нәтижелерінен байқауға болады. Біздің команда оң нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйласа екен деймін, - деді Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин.

Еске сала кетейік, 2014 жылы қос құрама жолдастық кездесу өткізген болатын. Будапештте өткен ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталған еді.