Футболдан Ұлттар лигасы топтық кезеңіндегі үшінші ойында Қазақстан ұлттық құрамасы Ригада Латвиямен тең ойнады. Жасыл алаңдағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Ойындағы екі гол да бірінші таймда соғылды. 16 минутта Дмитрий Шомконың әуелете асырған добына бірінші жеткен Бахтиер Зайнутдинов есеп ашты. Латвиялық футболшылар қолмен ойнағанын айтқанмен, төрешілер голды есепке алды.
40 минутта Артур Карашаускас таразы басын теңестіріп кетті. Оралдың Ақжайық клубында ойнайтын шабуылшы қорғаушылардың қателігінен кейін қақпашы Ненад Эричпен бетпе-бет шығып, гол соқты.
Ойында Қазақстан ұлттық құрамасы доп ұстау, қақпаға соққы бағыттау, пас беру көрсеткіштері бойынша алда болғанмен, жеңіске бастар жолды таппады. Абзал Бейсебеков пен Алексей Щеткин гол соғатын сәттерде қателесті. Ал бірнеше шабуыл кезінде Ненад Эрич шеберлігін байқатып, қақпасын голдан сақтап қалды.
Топтағы үш ойыннан кейін 2 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы үшінші орында келеді. Латвия мен Андорра құрамаларында да 2 ұпайдан бар. Ал үш ойында да жеңіске жеткен Грузия құрамасы топта жеке-дара көш бастады.
Станимир Стойлов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы келесі ойынын 16 қазан күні Астанада Андорра құрамасына қарсы өткізеді.