Футболдан Қазақстан құрамасы Қытайды ұтты (видео)

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Футболдан Қазақстан құрамасы Қытайды ұтты (видео)
Фото ©️ vesti.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай құрамасын ұтты. Аспан асты елінің Далянь қаласында өткен ойында 1:0 есебі тіркелді.

БӨЛІСУ

Қазақстан құрамасы өз тарихында Қытай құрамасымен үшінші рет кездесті. Осыған дейін өткен (бірі – 1997, екіншісі – 2007 жылы) екі жолдастық кездесуде де қытайлық футболшылар жеңіске жеткен. Ал бүгін қазақстандық футболшылар сәтті өнер көрсетіп жеңіске жете білді.

Ойында Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлаған голды 68 минутта Азат Нұрғалиев соқты. «Ордабасы» футбол клубының ойыншысы қорғаушы Юрий Логвиненконың баспен асырған пасын алаң иелері қақпасына баспен тоғытты. 75 минутта қытайлықтардың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болды. Айып соққысынан асырылған доп Давид Лория қорғаған қақпаның бағанынан қайтты. Ал 82 минутта Елдос Ахметовтің алаңнан қуылуынан кейін Қытай құрамасы қысымды арттыра түсті. Дегенмен Қазақстан құрамасы сәтті қорғанып, есептегі басымдықты ұстап қалды.

Ойынның бірінші таймы аяқталар тұста «Атырау» клубының шабуылшысы Ұлан Қонысбаев ауыр жарақат алып қалды. Допқа талас кезінде қытайлық ойыншы Жань Хан қазақстандық ойыншыны шалып тоқтатпақ болды. Ал Ұлан жерге ыңғайсыз құлап оң аяғын тобығынан сындырып алды. Жылдам медициналық көмек көрсетіліп, жергілікті ауруханалардың біріне жеткізілді.  

Қытай құрамасына қарсы ойында Қазақстан құрамасы сапынан «Тобыл» жартылай қорғаушысы Альмир Мухитдинов пен «Ертіс» шабуылшысы Роман Мұртазаев алғашқы ойынын өткізді. Ал Самат Смақов ұлттық құрамадағы 74-ші ойынын өткізіп, ең көп ойнаған ойыншы ретінде Руслан Балтиевтің (73 ойын) рекордын жаңартты.

Айта кетейік, Қытай құрамасына қарсы ойынға Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Ермек Қуантаев пен Владимир Плотников қатысқан жоқ. Ойыншылар шақырту алғанмен, алматылық «Қайрат» футболшыларын бұл ойынға жібермеді.

Қазіргі таңда ұлттық құраманы отандық маман Талғат Байсуфинов жаттықтыруда. Ал көмекшісі қызметін Нұркен Мазбаев атқарып жүр. Қазақстан құрамасы соңғы төрт ойында қарсыластарына есе жіберген жоқ.