Футболдан Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинамен тең ойнады

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Футболдан Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинамен тең ойнады
Фото ©️ kff.kz

Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы ойында Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинамен тең ойнады. Зеница қаласында өткен ойында 2:2 есебі тіркелді. 

БӨЛІСУ

Ойындағы 4 гол да екінші таймда соғылды. 62 минутта Исламбек Қуат Қазақстан құрамасын алға шығарды. Алайда алаң иелері араға 12 минут сала таразы басын теңестірді. Пенальтиден Миральям Пьянич мүлт кетпеді. Ал 86 минутта Лука Менало соққан гол Босния және Герцеговина құрамасын есепте алға шығарды. 

Талғат Байсуфинов жаттықтыратын қазақ футболшылары аянып қалмады. Ойынның аяқталуына бірер минут қалғанда есепті теңестіре білді. Бахтиер Зайнутдинов айып соққысын асқан шеберлікпен орындап, таблодағы нәтижені 2:2 етті. Осылайша қос құрама бір-бір ұпай бөлісіп тарқасты. 

Қазіргі таңда "D" тобындағы екі құрамада да 3 ұпайдан бар. Қосымша көрсеткіштер бойынша Босния және Герцеговина құрамасы алда тұр.