Футболдан ел кубогының жартылай финалына шыққан клубтар белгілі болды. Назарларыңызға ширек финалдық ойындардың нәтижесін ұсынамыз.
Алматының «Қайраты» Талдықорғанда жергілікті «Жетісуді» жеңіп жартылай финалға шықты. Алаң иелері қосалқы құраммен ойнағанмен, ірі есеппен есе жібере қойған жоқ. Бірінші таймда Станислав Лунин мен Марко Джаловичтің автоголы Кахабер Цхедадзе командасына жеңіс сыйлады.
«Астана» Петропавлда «Қызылжар СК» клубын жарыс жолынан шығарды. Ойында 3:2 есебімен елордалық клуб жеңіске жетті. «Астана» сапынан Джордже Деспотович дубль авторы атанса, бір голды Асхат Тағыберген соқты. Ал алаң иелері сапынан Андрей Бурцов пен Бошко Ступич гол авторлары атанды.
«Астана Аренада» өткен «Оқжетпес» пен «Ертіс» арасындағы ойында павлодарлық клуб жартылай финалға шықты. Ойында бірінші болып «Ертіс» есеп ашты. 41 минутта Карлос Фонсека павлодарлық клубты алға шығарды. Екінші тайм басында «Оқжетпес» ойыншысы Даниил Чертов таразы басын теңестірді. Ал ойын тағдырын шешкен голды 73 минутта Джиби Фаль соқты.
«Атырау» мен «Ордабасы» арасындағы ойын ұзаққа созылды. Негізгі уақытта 1:1 есебімен ойнаған клубтар қосымша уақытта жеңімпазды анықтай алмады. Нәтижесінде ойын соңындағы пенальти сериясында атыраулық клубтың асығы алшысынан түсті.
«Атырау» – «Ордабасы» – 1:1 (пенальтиден – 4:1)
Голдар: Аржанов, 71 (1:0). Абдулин, 90 (1:1).
Пенальти: Эссаме – 1:0. Төлебек – 1:1. Куртеян – 2:1. Тәжімбетов – 2:1 (белтемір). Трытко – 3:1. Сүйімбаев – 3:1 (қақпашы). Аржанов – 4:1.