Футболдан ел чемпионатының XXVII тур ойындары аяқталды

Yernar Almabek Корреспондент
Yernar Almabek>
Футболдан ел чемпионатының XXVII тур ойындары аяқталды
Фото ©️ fckairat.kz

Бүгін Қазақстан премьер лигасының XXVII тур ойындары аяқталды. Айта кетерлігі, бұл турдың кездесулері 2 күнге бөлінген болатын.

БӨЛІСУ

Сенбі күні болған матчтарда екінші алтылықтан "Атырау" мен "Ақжайық", бірінші алтылықтан "Ордабасы" мен "Оқжетпес" және "Қайрат" пен "Ертіс" командалары кездесті. Турнир кестесі үшін бұл ойындардың барлығы да үлкен маңызға ие еді.

Атырауда өткен ойында алаң иелерінен 2-1 есебімен басым түскен "Ақжайық" турнир кестесіндегі соңғы орыннан 11-орынға көтерілді. Ал "Атырау" жеңіліс тапса да 30 ұпаймен 8-орынын сақтап қалды. Бұл ойында атыраулықтар тарапынан 33-минутта Александру Куртеян, ал қонақтар жақтан 61-минутта және 78-минутта Константин Дудченко гол соққан болатын.

Шымкентте көкшетаулық "Оқжетпесті" қабылдаған "Ордабасы" 15-минутта Александр Гейнрих соққан голдың арқасында жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты. Шымкенттіктер бұл ойыннан кейін 43-ұпаймен үшінші орынға көтеріліп, қола медальге бір табан жақындап тұр. 

Айта кетерлігі, "Ордабасының" жағдайына тікелей әсер еткен ойын Алматыда өтті. "Қайрат" пен "Ертіс" арасындағы кездесу қай жағынан қарасаң да үлкен маңызға ие тұғын. Әлі де алтыннан дәмелі алматылықтарға жеңіс ауадай қажет болса, қатарынан бірнеше ойын жеңіліс тауып, қоладан үміт үзгелі тұрған керекуліктер үшін үш ұпайдың қаншалықты керек болғаны айтпаса да түсінікті. Десе де ару қаланың мың жылдығы қарсаңында өткен матчта алматылықтар қала тұрғындары алдында ұятқа қалмауды көбірек ойлады ма, әлде қарсыластарынан бап пен бақ жағынан басым түсті ме, әйтеуір жеңіске жетті. Бұл ойындағы алғашқы голды 23-минутта чемпионаттың сұрмергені Жерар Гоу соққан болатын. Артынша ойын бір қалыпқа түсіп, қарсыластар осы есепке қанағат еткендей сыңай танытты. Алайда, 77-минутта Шота Григалашвили есепті теңестіріп, алматылықтарды уайымға салды. Дегенмен, "Ертіс" ойыншыларының қуанышы ұзаққа созылмады. Арада 4 минут өткен соң, ойынның 81-минутында, "Қайрат" капитаны Бауыржан Исламхан ала допты тоғыздыққа тоғытып өз командасын алға шығарды. Ойын 2-1 есебімен алматылықтардың пайдасына аяқталды.

Жексенбі күні болған матчтарда екінші алтылықтан "Жетісу" мен "Шахтер", "Тобыл" мен "Тараз", ал бірінші алтылықтан "Ақтөбе" мен "Астана" клубтары кездесті.

"Жетісу" мен "Шахтер" арасындағы ойында голдар матчтың соңғы он минутында соғылды. 82-минутта Деян Джермановичтің голынан кейін алаң иелері алға шыққан болатын. Ойынды осы есеппен аяқтауға ниет еткен олардың жоспарын қонақтар тарапынан 91-минутта Юлиус Сзоке бұзды. Ал ойын аяқталар шақта Евгений Горячий қарағандылықтардың екінші голын соғып, талдықорғандықтарды ұпайдан құр қалдырды.

Қостанайда өткен кездесу де қызыққа толы болды. 2-минутта "Тараз" тарапынан Андрей Яковлев гол соғып, қостанайлықтарды біраз састырған еді. Дегенмен қонақтардың бұдан арыға шамасы жетпеді. Ал жылдам голдан сабақ алған "Тобыл" ойыншылары, керісінше, ойынның екінші жартысында ашыла түсті. Алдымен 39-минутта Денис Главина есепті теңестірсе, 53-минутта Томаш Шимкович пенальтиден алаң иелерін алға шығарды. Ал 89-минутта Шамиль Асильдаров есепті 3-1 етіп, ойын нүктесін қойды.

Ақтөбеде ел чемпионын қабылдаған жергілікті команда үшін турнирлік кесте тұрғысынан қарағанда бұл ойынның маңызы үлкен емес еді. Өйткені "Ақтөбе" қанша ұтылса да 6-орыннан төмен түспейді. Десе де өз жанкүйерлеріне жеңіс сыйлауды ойламайтын команда жоқ шығар. Ал ол жеңіс "Астанаға" қарсы ойында орын алса ше? Онда оның құны екі есеге өседі. Бұл тұрғыдан алғанда "Ақтөбе" ойыншыларының алаңда бар өнерін көрсетуге ұмтылатыны анық болатын. Дегенмен, қатарынан бірнеше ойын ұтылып, турнир кестесінде артынан табандап келе жатқан "Қайратты" өзіне біршама жақындатып алған "Астана" үшін де жеңіс ауадай қажет еді. Ұтуды қатты қалайтын қос команданың Ақтөбедегі кездесуі қызықты өтті. Бұл ойынды Қобыланды батыр стадионына жиналған жұрттан бөлек, Алматыдан батысқа алаңдап қараған "Қайрат" жанкүйерлері де  ықылас қойып тамашалды. Өйткені алматылықтар үшін "Астананың" шалыс басқаны өте маңызды болатын. Матч бастала сала шабуылға шыққан қонақтар жеңіске деген ынталарын білдіріп, 11-минутта  Джуниор Кабананганың голынан кейін алға шықты. Дегенмен, бұл голдан кейін олар біршама ойындарын бәсеңдетіп, допты ақтөбеліктерге беріп, өздері қорғануға көшті. Бірқатар жақсы шабуыл ұйымдастырған алаң иелері 66-минут болды дегенде Егор Сорокиннің соққысының арқасында есепті теңестіріп кетті. Енді кезек қайтадан "Астана" ойыншыларына келді. Соңғы минуттарда гол соғуды әдетке айналдырған елордалықтар дәстүрлерінің жалғасы ретінде 88-минутта Марин Аничичтің баспен ұрған соққысынан кейін тағы да алға шықты. 2-1 есебімен жеңіске жеткен астаналықтар үш ұпайды еншіледі.

XXVII турдан кейінгі турнир кестесі төмендегідей. Айта кетерлігі, бұған дейін "Астана" мен "Оқжетпес" арасындағы бір ойын кейінге шегерілген болатын. Ол ойын әлі өткен жоқ.