Әйгілі америкалық боксшы Флойд Мейвезер (кішісі) WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкинді нокаутқа жібермесе де, ұпай айырмасымен жеңе алатынын мәлімдеді.
GGG осыған дейінгі сұхбаттарында Флойд Мейвезермен жұдырықтасуды армандайтынын айтқан еді. Егер америкалық боксшы кездесуге келісіп жатса, өзінің жеңіске жететінін де жасырмаған-ды. Бұған boxingscene.com сайтына берген сұхбатында «money» Мейвезер өз жауабын алға тартты.
- Салмақ ауыстырғанмен Головкин мені жеңе алмайды. Мен оны нокаутқа жібермесем де, жеңе аламын. Бірақ ол туралы артық ештеңе демеймін. Ол барлығын дұрыс жасап келеді. Оның кездесулерін қарап шықтым. Барлығы маған осы боксшымен кездесуімді сұрайды. Головкин қарасыластарына қарсы кездесулерде өз мақсатына жетіп келеді. Мүмкін мен жұдырықтасатын салмақта да (148-150 фунт) жетістікке жете алар. Менімен кездесер болса, тамаша жекпе-жек болар еді, бірақ мен спорттық мансабымды толықтай болмаса да, аяқтап үлгердім, - деді Флойд Мейвезер.
Айта кетейік, Флойд Мейвезер спорттық мансабындағы соңғы кездесуін 12 қыркүйекте өткізетіні туралы хабарлаған болатын. Әзірге боксшының қарсыласы белгісіз. Батыстық және америкалық басылымдар салмақ дәрежесіне тәуелсіз рейтингте бірінші орында тұрған боксшыға Геннадий Головкинді лайықты қарсылас ретінде тануда.