Швейцарияның федералдық әділет бюросы Цюрихте Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) 14 белді мүшесін сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп қамауға алды. Бұл туралы «The New York Times» хабарлап отыр.
Бүгін ұсталған ФИФА шенеуніктеріне «ірі көлемде пара алып, күшпен қаржы бопсалау және алаяқтықпен айналысты» деген айып тағылып отыр. Швейцария әділет бюросының дерегінше, АҚШ прокуратурасының Нью-Йорктің Шығыс аудандық кеңсесі ұсталғандарды 1990 жылдардың басы мен қазіргі кезге дейін пара алды және пара берді деген күдік бойынша тексеруде. Одан өзге 2018 және 2022 жылғы әлем чемпионаты өтетін елдерді таңдауда бұрмаланушылыққа жол берілді деп айып тағылуда. Алдағы уақытта 6 күдіктінің ісі АҚШ-та қаралатын болады.
Ірі көлемде пара алды деп қамауға алынған күдіктілер қатарында қазіргі ФИФА президенті Йозеф Блаттер жоқ. Бірақ, ВВС таратқан ақпарат бойынша оның да аты-жөні жақын күндері 14 шенеуніктің қатарын толықтырып қалуы бек мүмкін. Ал әзірге күдіктілер қатарында ФИФА атқарушы комитетінің вице-президенттері Джеффри Уэбб пен Эухенио Фигередо, КОНКАКАФ және ФИФА-ның бұрынғы вице-президенті Джек Уорнер де бар.
Айта кетейік, екі күннен кейін ФИФА президентін сайлау іс-шарасы өтеді. Ұсталған күдіктілер де мәртебелі іс-шарада дауыс берушілердің қатарында болған.