Федерация Кубогы. Қазақстан теннисшілері Индонезиядан басым түсті

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Федерация Кубогы. Қазақстан теннисшілері Индонезиядан басым түсті

Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Федерация Кубогы аясында Индонезия құрамасының капитаны Лавиния Танантуды екі сетте ұтып, отандық командаға жеңіс сыйлады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Матч басталысымен Тананта бірінші партияда брейкпен 2:0 есебімен алға шыққанымен, Шведова бірден төрт геймді өз пайдасына жазып, бірінші сеттің қорытынды есебін 6:3 етіп тіркеді. Екінші сетте қазақстандық жеті геймнің ішінде жылдам жеңіске жетті: 6:1.   

Осылайша, Шведова Қазақстан командасына екінші ұпайды алып келіп және де Индонезия құрамасын уақытынан бұрын жеңуге мүмкіндік сыйлады. Естеріңізге салар болсақ, осыған дейін Юлия Путинцева Қазақстан атынан Федерация Кубогы аясындағы матчта алғашқы кездесуін өткізіп, екі партия қорытындысы бойынша Геравит Медианды ұтып кеткен болатын. Сондықтан да жұптасып ойнайтын үшінші кездесу екі құрама арасындағы кездесудің нәтижесіне еш әсерін тигізбейді. Қазақстан атынан жұптасып ойнауда кордқа Галина Воскобоева мен Ярослава Шведова шақырылса, Индонезия атынан Лавиния Тананта мен Тами Гренде шығады. Алайда қос құрама бапкерлерінің кездесу алдында команда құрамаларына өзгеріс жасауға құқы бар.      

Естеріңізге сала кетсек, Федерация Кубогының Азия және Мұхит елдері аймағында Қазақстан теннисшілері Индонезия және Таиланд құрамаларымен күш сынасады. Екінші топта жарысты жалғастыру үшін Қытай, Тайпей, Өзбекстан және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің спортшылары бақ сынайды. Қазақстан құрамасының құрамында Галина Воскобоева, Ярослава Шведова, Сесиль Каратанчева, Юлия Путинцева мен Камила Керимбаевалар бар екенін айта кетейік. Турнир 8 ақпан күні мәресіне жетеді.  

Айта кетейік, 2013 жылы Қазақстан құрамасы өз аймағындағы турнирдің жеңімпазы атанып, алайда кейін әлемдік топқа жолдама беретін плей-офф кезеңінде Францияға жол беріп қойған еді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sport.mail.ru