Колумбия ұлттық құрамасының шабуылшысы Радамель Фалькао ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасының сапына ауысты. Осыған дейін жалға беріледі деп келген ойыншы ертеңгі келісімшарттан кейін біржола ағылшын премьер-лигасында өнер көрсетуі мүмкін.
Манкуниандық клубқа «Монако» командасы футболшының ауысуы үшін рұқсатын беріп отыр. Кей ақпарат көздерінің хабарлауы бойынша трансфер құны 65 миллион еуроны құраған. Ал ойыншының өзі болса, Луи Ван Гал командасымен төртжылдық келісімшартқа қол қояды деп күтілуде. Шабуылшы бүгін клубтың медициналық тексеруінен өтеді.
Telegraph ақпараты бойынша Радамель Фалькаоның «Манчестер Юнайтедтегі» апталық табысы 346 мың фунт стерлинг болмақ. Бұл көлемдегі табысымен колумбиялық шабуылшы ағылшын премьер-лигасындағы ең көп жалақы алатын ойыншылардың көшін бастайтын болады. Кей ақпарат көздері ойыншыны жалға берілді деп те хабарлауда. Ал «қызыл сойқандар» ойыншының қатарларына қосылғанын жасырып қалмаса да, келісімшарт түрін құпия сақтап отыр.
Естеріңізге сала кетсек, жаңа маусымды тағы да сәтсіз бастаған «Манчестер Юнайтед» жақында ғана аргентиналық футболшы Анхель Ди Мария мен нидерландылық Дэйли Блиндті қатарларына қосқан болатын. Оған дейін клуб қатарын бірнеше ойыншылар толықтырған болатын. Фалькаоны бас бапкердің алдыруының да себебі жоқ емес. Өйткені, Уэйн Руни әлі толық бабына келмесе, Робин ван Перси әлі жарақатынан толық айыққан жоқ. Дэнни Уэлбектен Луи Ван Гал көп үміт күтпеді.
Ал мексикалық шабуылшы Хавьер Эрнандес ойда-жоқта мадридтік «Реалға» ауысып шыға келді. Футбол мамандары ойыншының қосалқы құрамда күні өтетінін жасырмауда.
Луи Ван Гал ойында өз философиясын толықтай жүзеге асыратын команда жасап шығару үшін әлі де уақыт барын айтуда. Бастапқы ресми кездесулеріндегі сәтсіздіктері үшін бапкер манкуниандық клуб жанкүйерлерінен кешірім сұрады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com, sports.ru