Осыған дейін біз «Монако» клубы мен Колумбия ұлттық құрамасының шабуылшысы Радамель Фалькао Франция чемпионаты ойындары кезінде алған жарақаты кесірінен биылғы жылы Бразилия жерінде өтетін әлем чемпионатына қатыса алмауы мүмкін деп хабар таратқан едік. Енді осы болжам шындыққа айналып, футболшы алдағы алты айын ауруханада өткізетіні белгілі болып отыр.
Бейсенбі күні өткен дәрігерлік тексерістің қорытындысы бойынша, Фалькаоның тізесінен оңбай жарақат алғаны анықталды. Ал футболшының жарақатынан толық айығуы үшін кем дегенде алты немесе мүмкін сегіз айға дейін уақыт қажет. Дәл осындай ақпаратты «Монаконың» ресми сайты бүгін хабарлады.
Радамель Фалькао әлем чемпионатының іріктеу матчтары кезінде Колумбия сапында 13 матчқа қатысып, 9 рет мергендігімен танылды. Іріктеу қорытындысы бойынша, колумбиялықтар мундиальға 1998 жылдан бері көптен күткен жолдамаға ие болған еді. Олар жарыстың топтық кезеңінде Кот-д'Ивуар, Жапония және Грекия елдерімен алаңға шығады. Әрине енді Фалькаосыз Колумбияның жағдайы айтарлықтай қиындайтыны анық.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: vk.com