Еуропалықтар қазақ күресіне қызығушылық танытуда

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Еуропалықтар қазақ күресіне қызығушылық танытуда
Фото ©️ Ақын Ордабайұлы

Қазақ күресінен Сербияның Зренянин қаласында ұйымдастырылған 4-ші Еуропа чемпионаты аяқталды. Кәрі құрлықтың 17 елінен келіп жеткен балуандар 3 күн бойы жеңіс үшін жан аямай тартысқа түсті. Әсіресе Болгария, Словения және Сербия мемлекеттерінен келген балуандарының төл күресімізді ерекше меңгеріп алғандығы таңғалдырды. 

БӨЛІСУ

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы мен Біріккен күрес әлемінің ұйымдастырумен өткен байрақты бәсекеде ерлер де әйелдер де 6 салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті. 

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Адамұлы Түкеев мырза:«Біздің мақсатымыз таеквандо, дзюдо сияқты әлемнің әр түкпіріне ұлттық күресімізді кеңінен таратып, дамытуымыз керек.– деген президентіміз Ислам Әлмақанұлы Әбішевтің жүйелі жұмысының жемісін уақыт өткен сайын көріп келеміз» – деп, қазақ күресінің осындай қарқын ала бастағаны туралы өз пікірімен бөліскен болатын. Расымен де, осыдан 20-30 жыл бұрын қазақ күресінің Еуропа ареналарында осындай атой саларын біліп, болжау тек сөз жүзінде айтылған болса, енді алаштың арманы ақырындап орындалып келе жатқанының куәсі болып келеміз. 

Сонымен қазақ күресінен Сербияның Зренянин қаласында жалауын көтерген төртінші Еуропа біріншілігінің ерлер арасындағы жекпе-жектері тартысты өтті. Дзюдо, самбо күрестерінен әлем, еуропа жарыстарында топ жарып жүрген әр елдің майталман мақтаныштарының басын қосқан байрақты сын тартысты айқастарға толы өтіп, қас қарая топжарған балуандардың есімдері де анықталды. Алғашқы белдесулерден бастап-ақ, Ресей мен Словакия мемлекеттерінің балуандары бас жүлделерден үмітті екендерін шебер көрсете білді. 

Бес салмақ және абсалюттік ауыр салмақ дәрежелері бойынша жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпаз балуандардың есімдерін айтсақ. 70 кг салмақта сербиялық Никола Галич, 80 кг салмақта израилдік Дима Каринчук, 90 және 100 кг салмақтарда Ресейдің Қарачай-Черкес аймағының балуаны Рамазан Тота мен Андрей Гусаров және +100 кг жоғары түйе балуандық ақтық жекпе-жекте словакиялық Марин Анаталар жеңімпаз атанып, марапатқа ие болды. Осылайша қазақ күресінен 4-ші рет өткен Еуропа аламанының алғашқы күні ерлер үшін осындай жекпе-жектермен аяқталды. 

Жарыстың екінші күнінде бозкілем төріне әйелдер алты салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Әйелдер жекпе-жегінің қызығы ерлерден асып түспесе кем түскен жоқ. Өйткені, еуорпалық бұрымдылардың көпшілігі қазақ күресінің айла-тәсілін ертеректен білетіндей жеңіске деген жігер танытып, жекпе-жектерін тартысты әрі қызықты өткізді. Жарыс көрігі қызып жатқанда күтпеген жерден әлемдік деңгейдегі құтты қонақ, Бірікен күрес әлемі (UWW) президенті Ненад Лаловичтің арнайы ат басын бұрып келуі - жарыс мәртебесін өсіріп тастағандай болды. Ораза айындағы сәті түскен кездесуді жіберіп алмау үшін, әлем күресінің басшысынан сұхбат алған едік. 

- Аса қадірлі мистир Ненад, қазақ күресіне арнайы келіп тамашалғаныңызға қуаныштымыз. Қазіргі таңдағы қазақ күресінің дамуына қандай баға бере аласыз? 

- Қазақ күресінің әйелдер арасындағы жекпе-жектерін қазір қарап отырып, бұл күресті еуропалықтардың жылдам игеріп алып қана қоймай, әдіс-айлаларын әсерлі көрсете білгендеріне ерекше таңғалып отырмын. Соған қарағанда қазақ күресінің өсу қарқыны жаман емес және бұл күрестің әлем халқы үйреніп алып кететіндей ерекше күрес түріне уақыты келгенде айналатынына сенім білдіремін. 

- Бүгінгі таңда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының екпінді еңбегінің арқасында әлемдік, еуропалық, азиялық жарыстар үзбей ұйымдастырылып келеді. Жалпы, қазақ күресінің болашақта Олимпада асуына жету мүмкіндігін болжап айта аласыз ба

- Әрине, алға мақсат қойып арман етудің өзі жақсы қасиет деп білемін. Біздің Біріккен күрес әлеміне (UWW) Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының толықтай мүшесі болып кіргелі бері сіздердің қазақ күресі жақсы жолмен дамып келе жатқандығы байқалып тұр. Ал, олимпиада бағдарламасына енуіне әрине әлі ерте, дегенмен де дәл осындай талпынысқа толы табысты жұмыстар арқылы жақсы жетістіктерге жетуіне қазақ күресінің мүмкіндігі зор деп ойлаймын. 

Әрине, «сабыр түбі сары алтын» - демекші, сабыр етсек, Бірікен күрес әлемі (UWW) президенті Ненад Лалович мырзаның айтқанындай, ол бір ақ түйенің қарны жарылатын күн де жетер. Ал әйелдер арасында өткен тартысты сындарда озып алға шыққан жеңімпаздардың есімдерін таныстыра өтсек. Сонымен 55 кг салмақта болгариялық балуан Галя Иванова, 60 кг салмақта тағы бір болгар балуаны Магдалена Варбанова, 65 кг салмақта словакиялық Магдалена Музикова, 70кг латвиялық балуан Реналда Гедутите, +70 кг жоғары салмақта грузин қызы Елена Кебадзе және түйе балуандық ауыр салмақта болгар балуаны Марияна Орашковалар жеңіс тұғырларына көтеріліп, алтын алқаларын мойындарына тақты. Осылайша қазақ күресінен Сербияның Зренянин қаласында болып өткен 4-ші Еуропа чемпионаты жоғары деңгейде аяқталып, төл күресімізден тағы бір байрақты сын тарих қойнауына кетті.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Біріккен күрес әлемімен біріге отырып өткізетін алдағы аламан жарыстардан ұтарымыз, ұлттық күресімізді әлем аренасында дамыта отырып, өзіміздің ана тілімізді де насихаттау үлкен жетістік. Айталық, қазақ күресін әлемнің әр түкпірінде өтетін аламан жекпе-жектерде баста,тоқта –деген ана тіліміздегі тіркестерді көптеп естіртуге мүмкіндік ашылады деген сөз. Ал қазірге ойға түйгеніміз, еуропалықтардың қазақ күресіне деген қызығушылықтары арта түскені әбден байқалады.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ