Еуропа Лигасы. «Шахтер» – «АЗ Алкмаар»

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Еуропа Лигасы. «Шахтер» – «АЗ Алкмаар»

Бүгін Елордадағы «Астана-Арена» стадионында Еуропа Лигасы топтық кезеңіндегі үшінші айналым ойындары аясында қарағандылық «Шахтер» «АЗ Алкмаар» командасын қабылдайды.

БӨЛІСУ

Нидерланды елінің футбол клубы Қазақстанға осымен екінші рет ат басын бұрып отыр. Осыған дейін «АЗ Алкмаар» 2010/2011 жылғы Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінде «Ақтөбемен» кездескен болатын. Қос кездесу қорытындысы бойынша 3:2 есебімен қазақстандық команда келесі кезеңге өте алмаған еді. Ал «Ақтөбе» өз алаңында 2:1 есебімен жеңген болатын. Алайда Дик Адвокат жақында ғана тізгінін ұстаған қазіргі команданың құрамы мен ойыны мүлде бөлек...

Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының бас бапкері:

– «АЗ» өте азулы команда. Оларда шебер ойыншылар өте көп. Ең бірінші команда ретінде сауатты ойнайды. Қателікке бой алдыратын футболшыларды кездестіру қиын. Алдағы кездесу біз үшін өте маңызды. Топтан шығу мәселесі осы ойында шешілетін болады. Негізі, ойыншылардың біразында микрожарақат бар болатын. Бүгінгі кездесуге жігіттердің барлығы да дайын. Біз үшін ең маңызды ойын. Жеңіс жолында тер төгетін боламыз.


Дик Адвокат, «АЗ Алкмаар» командасының бас бапкері:

– «Шахтер» оңай шағылар жаңғақ емес. Шотландияның "Селтигімен" болған ойында бұл командаға сәл ғана сәттіліктің жетіспей қалғанын жақсы білемін.Командада жарақат алған ойыншылар көп. Дегенмен, біз бұл ойынға өте тыңғылықты дайындалдық. Еуропа лигасы біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз мұнда тек жеңіс үшін келдік.

Бүгінгі «кеншілер» ұжымы мен голландиялық команда арасындағы кездесуге 15000-нан астам жанкүйер келеді деп күтілуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда көптеген букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің жеңіске жететініне күмәнмен қарауда. «Шахтердың» жеңісіне –4,38 коэффицент, тең ойынға – 3,55 коэффицент, «АЗ» жеңісіне – 1,85 коэффицент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:1 немесе 0:1 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасауда.

Немістің әйгілі Тransfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, негізгі құрамдағы «АЗ Алкмаар» командасының құрамы қарағандылық командадан 9 есе қымбат көрінеді. Барлық ойыншылардың құны – 28 650 000 евроны құраса, «Шахтердың» негізгі құрамы – 3 250 000 евроны құрайды. Қарсыластар сапынан қақпашы Эстебан Альварадо мен қорғаушы Ник Вергебер ең қымбат футболшылар болып саналады. Ал қазақстандық команда құрамынан Геворг Казарян ең бағалы ойыншы қатарында.

Назарларыңызға бүгін негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін футболшылар мен олардың бағасын ұсынамыз:

"Шахтер" құрамы:
Қақпашы: Александр Мокин - 150 000 евро;
Қорғаушылар: Евгений Тарасов - 50 000 евро, Алдин Джидич - 200 000 евро, Никола Василевич - 200 000 евро, Сергей Малый - 150 000 евро, Александр Симчевич - 400 000 евро;
Жартылай қорғаушылар: Геворг Казарян - 1 000 000 евро, Рохер Каньяс - 300 000 евро, Гедиминас Вичюс - 350 000 евро, Андрей Финонченко - 200 000 евро;
Шабуылшылар: Сергей Хижниченко - 250 000 евро.

"АЗ Алкмаар" құрамы: 
Қақпашы: Эстебан Альварадо - 4 000 000 евро;
Қорғаушылар: Маттиас Юханссон - 1 250 000 евро, Ник Виргевер - 4 000 000 евро, Джеффри Гаувелеув - 2 500 000 евро, Ян Вейтенс - 2 000 000 евро;
Жартылай қорғаушылар: Неманья Гудель - 3 000 000 евро, Маартен Мартенс - 3 000 000 евро, Виктор Эльм - 3 500 000 евро, Сельсо Ортис - 400 000 евро;
Шабуылшылар: Арон Йоханссон - 2 000 000 евро, Рой Бееренс - 3 000 000 евро.

Бүгін «Астана-Арена» стадионында өтетін кездесуге украиналық төреші Евгений Арановски бастаған қазылар жұбы төрелік жасайды. Оған Александр Войтюк пен Сергей Беккер көмектессе, қақпа алдындағы қарбаласты Сергей Бойко мен Анатолий Абдула қадағалайтын болады.

«Шахтер» мен «АЗ Алкмаар» арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жанкүйер болайық!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vesti.kz, eurosport.ru