Футболдан Еуропа лигасының финалына шыққан клубтар белгілі болды. Екі жыл қатарынан чемпион атанған испандық «Севилья» өз атағын «Ливерпульге» қарсы ойында қорғайды.
Испандық клуб үшінші жыл қатарынан Еуропа лигасының финалына шығып отыр. Екі жылда да жеңіс тұғырынан көрінген клуб биыл да өз атағын қорғайтын болады. Команда жартылай финалда Донецкінің «Шахтер» клубын жарыс жолынан шығарды.
Украинада өткен ойында 2:2 есебі тіркелген-ді. Қарымта ойында «Севилья» қарсыластарын 3:1 есебімен ұтты.
Жартылай финалдағы екінші ойында «Ливерпуль» «Вильярреалдан» басым түсті. Бірінші ойында 1:0 есебімен жеңіліп қалған Юрген Клопп шәкірттері өз алаңында есесін қайтарды. Есесін қайтарып қана қоймай, қонақтар қақпасына 3 гол тоғытты.
«Ливерпуль» мен «Севилья» арасындағы финалдық кездесу 18 мамыр күні Базельде өтеді.