Еуропа лигасы. "Қайрат" ұтты, "Ордабасы" ұтылды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Еуропа лигасы. "Қайрат" ұтты, "Ордабасы" ұтылды
Фото ©️ Қайрат ФК

Футболдан Еуропа лигасының іріктеу кезеңі басталды. Алматының "Қайраты" екінші кезеңге өтсе, Шымкенттің "Ордабасы" клубы жарысты ерте аяқтады.

БӨЛІСУ

Қазақстандық екі клуб та бірінші іріктеудегі ойынын өз алаңында өткізді. "Қайрат" Орталық стадионда Арменияның "Ноа" командасын ұтса, "Ордабасы" Шымкентте Румынияның "Ботошони" клубын ұта алмады.

Алексей Шпилевский жаттықтыратын алматылық команда қарсыластарын 4:1 есебімен ұтты. Ойында бірінші болып қонақтар гол соқты. Армениядан келген команданың ресейлік легионері Кирилл Бор командасын алға шығарды. Араға 4 минут сала Гүлжігіт Алыкулов таразы басын теңестірді. "Қайраттың" Қырғызстаннан келген легионері бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, клуб сапындағы бірінші голын соқты.

35 минутта "Қайрат" сапын жуырда ғана толықтырған бразилиялық Вагнер Лав гол соғып, көзге түсті. Алматылық командадағы бірінші голын еншісіне жазды. Шабуылшы бір голмен шектеліп қалған жоқ. 70 минутта екінші рет белсеніп, дубль жасады. Ал ойын аяқталар тұста Вагнердің әуелете асырған добын "Ноа" қорғаушысы Денис Дедечко өз қақпасына енгізіп алды. 

"Ордабасы" өз алаңында "Ботошаниге" 1:2 есебімен жол берді. Бұл ойында голдың барлығы бірінші таймда соғылды. 12 минутта Абдуллай Диакате пенальтиді сәтті орындай алмады. Қақпашы Эдуард Пап допты қайтара білді. 25 минутта Румыниядан келген команда есепте алға шықты. Марсель Хольцман белсенді.

31 минутта шымкенттік команда сапынан Мэй Махлангу есепті теңестірді. Бірақ араға бірер минут сала Марко Дуганджич "Ботошониді" қайта алға шығарды. Осы есеп айырмасы сақталып, румын командасы келесі кезең жолдамасын иеленіп қайтты.

Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі ойындар бір ғана матчпен шектеледі. Осы ойындар қорытындысы бойынша "Қайрат" жарыс жолын жалғастырса, "Ордабасы" жарысты бірінші іріктеуден аяқтады.

Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінің жеребесі 30 тамыз күні тартылады. "Қайраттың" қарсыласы сонда анықталады.