Бүгін Алкмаардың «AФАС» стадионында Еуропа Лигасы топтық кезеңіндегі төртінші айналым ойындары аясында қарағандылық «Шахтер» «АЗ Алкмаар» командасымен кездеседі.
Нидерланды эредивизионында көш бастап келе жатқан Дик Адвокат командасы «кеншілер» ұжымынан ұпай жоғалтқысы келмейді. Қос ұжым үшін де шешуші кездесуге теңелетін ойынға «Шахтер» командасының негізгі құрам футболшылары қатыспайды. Бұл туралы бұрынырақта хабарлаған болатынбыз. Алкмаарға барлығы 14 ойыншы ғана аттанды. Сонымен қатар қарағандылық команданың спорттық директоры Ұлықбек Асанбаевтың айтуы бойынша, Мақсат Байжанов пен Геворг Казарянның да аздаған жарақаттары бар көрінеді. Не дегенмен бүгін Виктор Кумыков командасын азулы қарсылас пен аса тартысты кездесу күтіп тұр.
Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының бас бапкері:
-Бүгін бізді аса тартысты кездесу күтіп тұр. «АЗ Алкмаар» өз чемпионатында көш бастап келеді. «Аякс», «ПСВ» сынды алпауыт командаларды тізе бүктірді. Дегенмен біз алаң иелеріне лайықты қауқар танытамыз деп ойлаймын. Осы кездесу командамыздың топтан шығу жағдайын анықтайтын болады.
Дик Адвокат, «АЗ Алкмаар» командасының бас бапкері:
-Бүгінгі кездесуге барлық футболшылар дайын. Ойын жүйеміз өзгеріп келеді. Жанкүйерлер алдында жеңіс үшін ойнайтын боламыз. Қорғаныста сауатты ойнап, өз қақпамыздың алдында қауіпті сәттердің орын алуына мүмкіндік бермейміз деген ойдамын.
Сонымен қатар, қазіргі таңда көптеген букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің жеңіске жететініне күмәнмен қарауда. Ал алаң иелерінің жеңіске жететініне шүбә келтірмеуде. «АЗ Алкмаардың» жеңісіне –1,22 коэффицент, тең ойынға – 6,07 коэффицент, «Шахтер» жеңісіне – 12,05 коэффицент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 3:1 немесе 2:0 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасауда.
«L» тобында үздік сұрмергендер болып келе жатқан «АЗ» шабуылшысы Йохан Гудмудссон мен Андрей Финонченко. Олардың еншісінде 2 голдан бар. Алайда бүгін команда капитаны кездесуге қатыспайды. «Кеншілер» ұжымын Евгений Тарасов бастап шығады. Алкмаарға аттанбаған «Шахтер» көшбасшылары командаластарына теледидардан жанкүйер болмақ.
Негізгі құрамдағы қақпашы Александр Мокиннің орнына Стас Покатилов алаңға шығады. Қорғанысты Евгений Тарасов, Никола Василевич, Сергей Малый қадағаласа, оң қанат пен сол қанат бөлікте Асхат Борантаев пен Александр Симчевич өнер көрсетеді. Жартылай қорғаныс пен шабуылда Роджер Каньяс, Мақсат Байжанов, Геворг Казарян орналасса, шабуыл шебінде Роман Мұртазаев пен Игорь Зенькович өнер көрсетпек.
Дик Адвокат командасы 4-5-1 ойын жүйесімен алаңға шығатын болады. Қақпаны Астанада сәтті ойнаған клубтың бірінші нөмірлі қақпашысы Эстебано Альварадо қорғаса, қорғаныста Джеффри Гаувелеув, Маттиас Юханссон, Ник Виргевер, Сельсо Ортис ойнайды. Жартылай қорғаныс пен шабуылда Ян Вейтенс, Рой Бееренс, Арон Йоханссон, Неманья Гудель, Йохан Гудмундссон өнер көрсетсе, шабуылда Маартен Мартенс бақ сынайды.
Бүгін «АФАС» стадионында өтетін кездесуге швециялық төреші Мартин Ханссон бастаған қазылар жұбы төрелік жасайды. Оған Стефан Виттберг және Хенрик Андрен көмектессе, төртінші төреші қызметін Фредерик Нильссон атқаратын болады.
«АЗ Алкмаар» мен «Шахтер» арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 02:05-те басталады. Кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жанкүйер болайық!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz