Бүгін Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясында «Ақтөбе» өз алаңында киевтік «Динамоны» қабылдайды. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!
«Ақтөбе» өз алаңында барын салуы керек. Қонақтағы кездесу кез келген командаға оңай соқпасы анық. «Динамо» командасын қолдауға Украинадан 200-ден астам жанкүйер келіпті. Ал осыдан бір апта бұрын «Динамо» бапкерлерінің бірі Сергей Ребров Шымкентке келіп, «Ордабасы» – «Ақтөбе» ойынын тамашалаған болатын. Бұл кездесуге қос ұжым да сақадай-сай келіп отыр десек болады.
Владимир Никитенко, «Ақтөбе» командасының бас бапкері:
- Қарсыласымыз өте тәжірибелі. Біз жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетеміз деген сенімдемін. Ойынды өз қолымызда ұстауға тырысамыз. Және бұған біздің команданың күші мен жеңіске деген құштарлығы жетеді деп ойлаймын.
Олег Блохин, «Динамо» командасының бас бапкері:
- «Ақтөбе» - жақсы команда, футбол ойнауды біледі. Қонақтағы кездесуде біз мақсатымызды орындап қайтамыз деп ойлаймын. Қарсыластың да дайындығы нашар емес. Алайда біз «Селтик» емеспіз. Ештеңеден қорықпаймыз.
Сергей Ребров, «Динамо» командасының қосалқы бапкерлерінің бірі:
- Шымкентте өткен «Ордабасыға» қарсы кездесуде "Ақтөбенің" толық құрамы шықпады. Негізгі футболшылар алаң жиегінде болды. Ауа-райының ыстық болуы барлығы жергілікті команданың жеңісіне әкеліп соқты. Бұл жолы қарсыластарымыздан атап айтар тұстарын бағамдай алмадым.
Көптеген букмекерлік орталықтар киевтік «Динамоның» жеңісіне шүбә келтірмеген. «Ақтөбенің» жеңісіне 6.94, тең кездесуге 3.72, ал қонақтардың жеңісіне 1.58 коэфициент беруде. УЕФА рейтингінде жерлестеріміз 241 орында болса, киевтік «Динамо» 25 орында тұр.
Кездесуді Ақтөбедегі стадионнан 13000-нан астам көрермен, ал теледидар арқылы 30 миллиондай жанкүйер тамашалайды деп күтілуде. Қос ұжым арасындағы тартысты «Қазақстан» мен «KazSport» арналары ұсынады. Ойын Астана уақытымен 19:00-де басталады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz, prosportkz.kz