Футболдан Еуропа чемпионатының "В" тобындағы ойындар аяқталды. Испания құрамасы соңғы турда Албанияны ұтса, Хорватия мен Италия тең түсті.
Дюссельдорфта Испания құрамасы Албанияны 1:0 есебімен ұтты. Ойында "қызыл фурияға" жеңіс сыйлаған голды 13-минутта Ферран Торрес соқты. Осылайша испандықтар топта 9 ұпай жинап, өз қақпаларына бірде-бір гол соқтырған жоқ.
Лейпцигте өткен Хорватия мен Италия құрамалары арасындағы ойын тартысқа толы болды. Бірінші таймда құрамалар гол соға алған жоқ. 54-минутта хорваттардың капитаны Лука Модрич пенальтиден мүлт кетті. Оның тепкен добын Доннарума қайтара білді.
Алайда артынша басталған шабуылда Модрич гол соғып, командасын алға шығарды. Сондай-ақ Еуропа чемпионаты тарихында гол соққан ең егде жастағы футболшы атанды.
Ойынның қосымша уақыты аяқталар тұста "скуадра адзурра" есепті теңестіріп, екінші жолдаманы иеленіп кетті. Италия құрамасы сапындағы маңызды голды Маттиа Дзакканьи соқты. Ол 81-минутта Матиас Дармианды алаңда алмастырып шыққан еді.
"В" тобында хорваттардың қосымша жолдама иеленуге аз-кем мүмкіндігі бар. Ал Албания құрамасы 1 ұпаймен жарысты аяқтады. Бұған дейін Польша мен Шотландия құрамалары үйлеріне ерте қайтқан еді.