Камерун ұлттық құрамасының шабуылшысы Самуэль Это’О Англия премьер-лигасында спорттық мансабын жалғастыратын болды. Ол ливерпульдік «Эвертон» командасымен екіжылдық келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.
Өткен маусымда лондондық «Челси» сапында өнер көрсеткен шабуылшы осы жазда келісімшарты аяқталып, жаңа клуб таңдау еркіндігінде қалған болатын. Ал «ақсүйектер» қатарында 21 кездесуге қатысып, 9 гол мен 5 нәтижелі пасымен көзге түскен.
Жақында ғана Самуэль Это’О ұлттық құрамасының капитаны қызметінен шеттетілді. Ол шешімді елдің спорт министрлігі қабылдаған. Министрлік мұндай қадамға баруын әлі толық түсіндірген жоқ. Ал Камерун құрамасының жаңа капитаны қызметін «Севильяда» өнер көрсетіп жүрген Стефан Мбиа атқаратын болды. Сонымен қатар, ұлттық құраманың бас бапкері Фолькер Финке Это’О-ны жақын арада өткізетін бірнеше кездесулеріне шақырмады. Ал спорт басылымдары бұл шешімді 33 жастағы шабуылшының жаңа клуб қарастыру кезімен сәйкес келуімен түсіндіріп отыр.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет:sport.news.am