Ертең футболдан ел премьер-лигасының ХІ тур ойындары өтеді. Көш бастап келе жатқан «Ақтөбе» сырт алаңда қарағандылық «Шахтермен» кездесетін болады. Назарларыңызға ойындар алдындағы шолуымызды ұсынамыз.
Бүгін бас бапкері қызметінен кеткен қарағандылық «Шахтер» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Х тур қорытындысы бойынша жеңіліс таппаған Владимир Газзаев командасы бұл турда жеңіліс табады деп айту қиындау. Өз бабына келе алмай жүрген «кеншілердің» ойыны оңалмай келеді. Кездесуде кіші есеп айырмасымен қонақтар жеңіске жетеді деп күтілуде.
Жаңа маусымда әлі жеңілмеген клубтардың бірі - «Ордабасы». ХІ турда шымкенттік клуб Көкшетаудың «Оқжетпес» ұжымымен кездеседі. Премьер-лигаға жаңа оралған клуб сәтті өнер көрсетіп келеді. Сондықтан да екі команда арасындағы кездесуде тең есеп тіркеледі деп күтілуде. Виктор Кумыков шәкірттерінің жеңісті сериясына нүкте қойылуы екіталай.
Алматыда «Қайрат» «Атыраумен» 3 ұпайды сарапқа салады. Бұл маусымда өз алаңында жеңілмеген Владимир Вайсс шәкірттері жеңісті қолдан бермейтіні анық. Спорт мамандары бұл ойында алаң иелері жеңіске жетеді деп болжауда. Десе де соңғы төрт ойында жеңіске жетіп келе жатқан «Атыраудың» да осал қарсылас екенін ұмытпаған абзал.
ХІ турда Павлодарда «Ертіс» пен «Тараз» кездеседі. Евгений Яровенко жаттықтыратын оңтүстіктік ұжым соңғы кездесулерінде сәтті өнер көрсетіп келеді. Бірақ, «Ертіс» те өз алаңында есе жіберуі екіталай. Сондықтан да бұл ойында да тең есеп тіркелуі мүмкін.
Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» түзде «Жетісумен» кездеседі. Бұл ойында қонақтар фаворит саналуда. Соңғы турда елордалық клуб «Астана-Аренада» «Тобылды» ойсырата жеңсе, талдықорғандық клуб «Ордабасымен» тең ойнаған-ды.
Қостанайдың «Тобыл» клубы өз алаңында Қызылорданың «Қайсар» клубымен 3 ұпайды сарапқа салады.
Кездесулердің басталу уақыты
«Шахтер» (Қарағанды) - «Ақтөбе» - 14:00
«Оқжетпес» (Көкшетау) - «Ордабасы» (Шымкент) – 15:00
«Жетісу» (Талдықорған) - «Астана» - 17:00
«Ертіс» (Павлодар) - «Тараз» - 17:00
«Қайрат» (Алматы) - «Атырау» - 17:00
«Тобыл» (Қостанай) - «Қайсар» (Қызылорда) – 17:00