Ертең футболдан ел премьер-лигасының VIII тур ойындары басталады. Бұл турдың тартысты ойыны «Астана» мен «Қайрат» арасында өрбімек. Назарларыңызға кездесулер алдындағы қысқаша шолуымызды ұсынамыз.
VII турдың қортындысы бойынша әлі жеңілмей келе жатқан екі клуб қана бар. Оның бірі – «Ордабасы» болса, екіншісі – «Ақтөбе». Шымкенттік клуб бұл турдағы ойынын өз алаңында «Қайсарға» қарсы өткізеді. Виктор Кумыков жаттықтыратын алаң иелері бұл ойында айқын фаворит саналуда. Ал қызылордалық клуб әлі де болса өз ойынын таба алмай келеді. Сондықтан да «Ордабасының» жеңіліссіз сериясы тоқтайды деп айтуға келмейді.
«Ақтөбе» де осыған дейін жеңіліссіз келгенмен, 5 ойынын нөлдік есеппен аяқтаған. Бұл турда батысқазақстандық клуб өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуін» қабылдайды. Фаворит де алаң иелері. Ал Асқар Қожабергенов жаттықтыратын «Жетісу» жаңа маусымда жеңіске жетіп көрген жоқ.
Ел чемпионатында фаворит саналып жүрген «Астана» мен «Қайратты» ұпайдан айырған жалғыз клуб – «Тараз». Евгений Яровенко шәкірттері VII турда сырт алаңда «Қайсарды» жеңді. Бұл нәтижеден кейін тараздық клуб «Тобылға» қарсы үлкен сеніммен өнер көрсететіні даусыз. Ал қостанайлық клуб болса, жаңа маусымды ала-құла өткізуде. Жақында бас бапкер Вардан Минасян да өз қызметінен кетті. Осыны ескерген спорт сарапшылары алаң иелерін жеңілмейді деп топшылап отыр.
«Атырау» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын қабылдайды. Екі ұжымды да тең қарсыластар ретінде қарауға болады. Десе де алаң иелері намысты қолдан бермеуге тырысары анық.
VIII турдың орталық кездесуі – «Астана-Арена» стадионында өтеді. «Астана» мен Алматының «Қайраты» үш ұпайды сарапқа салатын болады. Футбол сарапшылары бұл ойында аздап болса да «Қайратты» фаворит санауда. Ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Ал қарағандылық «Шахтер» мен Павлодардың «Ертіс» клубы арасындағы ойын 20 сәуірге жоспарланған.
«KazSport» телеарнасы «Ордабасы» мен «Қайсар», «Астана» мен «Қайрат» ойындарын тікелей эфирде көрсетеді.
Cурет: sports.kz