Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасын Сергей Белоглазов жаттықтыратын болды. Ол осыған дейін бас бапкер қызметін атқарып келген Руслан Өмірәлиевтің кеңесшісі болып келген еді.
Руслан Өмірәлиев ұлттық құрама тізгінін 2012 жылы ұстаған болатын. Одан бергі аралықта қазақстандық балуандар талай ірі бәсекелер мен халықаралық жарыстарға қатысты. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында үш еркін күрес шебері шешуші шайқасқа шыға білді. Ал елімізде өткен Азия чемпионатында 1 алтын 1 күміс және 2 қоламен алғашқы үштікті қорытындылады. Руслан Өмірәлиев тұсында қазақстандық балуандар 2013-2014 жылдардағы әлем чемпионатынан жүлдесіз де оралды. Соңғы рет Катарда өткен Азия чемпионатында еркін күрес шеберлері арасынан Дәулет Ниязбеков қана алтын жүлде алды. Нәтижесінде бұл қызмет оның кеңесшісі Сергей Белоглазовқа тапсырылып отыр.
Сергей Белоглазов – екі дүркін Олимпиада, алтын дүркін әлем чемпионы, бес дүркін Еуропа чемпионы. Ол 2014 жылдан бері ұлттық құрама балуандарына ақыл-кеңесін беріп келеді. Жаңа бапкермен ұлттық құрама алғашқы жарысына қыркүйек айында аттанатын болады. Бұл – әлем чемпионаты. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары жиналатын дүбірлі дода 6-12 қыркүйек аралығында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.