Елімізде 23 мамыр күні «Олимпиада күні» кең ауқымда аталып өтетін болады. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан іс-шараның мақсаты - халық арасында салауатты өмір салтын насихаттап, барлық қазақстандықтарды спортқа тарту.
«Олимпиада күні» қарсаңында барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында сан алуан спорт сайыстары ұйымдастырылады. Елордада 800 және 1200 метрге жүгіруден жарыстар өтеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналған сайыстар назардан тыс қалмаған. Шымкентте кір тасын көтеру, асық ату және арқан тартудан жарыстарға қатысса, Оралда стритбол, қол күресі және арқан тарту спортынан іс-шаралар ұйымдастырылады. Алматыдағы «Олимпиада күні» веложарыспен басталады. Орталық стадион маңында түрлі спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Биылғы «Олимпиада күні» іс-шарасына елімізде 23 000-ға жуық халық ат салысады деп күтілуде. Жеңімпаз атанғандарға естелік сыйлықтар тарту етіледі.
Айта кетейік, «Олимпиада күні» 1894 жылы 23 маусымда Пьер де Кубертен және оның серіктестері Олимпиада ойындарын жаңғыртып, Халықаралық Олимпиада комитетін (ХОК) құруына орай ұйымдастырылып келеді. Бүгінде әлем бойынша 200-ден астам Ұлттық Олимпиада комитеттері бұл іс-шараны атап өтуге мұрындық болуда. Шараның мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, достық, сыйластық пен спорттық шеберлік тәрізді олимпиадалық құндылықтарды көрсету.