Оңтүстік Корея жерінде өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанау спортынан жарыстар аяқталды. Әйелдер арасындағы жекелей сында қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаева 12-орын алды.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы арулар Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысты. Айза Имамбек қысқа бағдарламадан кейін жарысты аяқтаса, Элизабет Тұрсынбаева еркін бағдарламада бақ сынауға мүмкіндік алды.
Қызылорда өңірінің тумасы Элизабет еркін бағдарламада 118,30 ұпай алып, жалпы есепте 12-орын (177,12 ұпай) алды. Алғашқы Олимпиадасына қатысқан отандасымыз үшін бұл – зор әрі тарихи жетістік.
Олимпиаданың алтыны мен күмісін ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар жеңіп алды. Қысқа бағдарламада әлем рекордын жаңартқан Алина Загитова (239,57 ұпай) чемпион атанса, Евгения Медведева (238,26 ұпай) күміс алды. Қоланы канадалық Катлин Осмонд (231,02 ұпай) иеленді.