Дзюдодан Германияның Дюссельдорф қаласында өтіп жатқан Гран-при додасының бірінші күнінде Қазақстан құрамасы екі күміс медал еншіледі. Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэгцэг финалда қарсыластарына есе жіберіп алды.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта екі спортшымыз ел намысын қорғады. Рустам Ибраев екінші айналымда египеттік Ленин Перисадодан жеңіліп қалса, әлем чемпионы Елдос Сметов финалға сүрінбей жетті. Алдымен литвалық Андрей Клаковты, моңғолиялық Тцогботар Тцендоширді, ресейлік Беслан Мудрановты жеңді. Жартылай финалда түрік Бекир Озлудан басым түсті. Ал финалда оңтүстік кореялық Ким Вон Джимен кездесіп, 10:12 есебімен есе жіберіп алды.
Қазақстан құрамасының легионері Галбадрах Отгонцэгцэг Рио Олимпиадасында ел сенім артып отырған спортшылардың бірі. Ол осыдан бір апта бұрын Парижде өткен Гран-при додасында топ жарған болатын. Галбадрах сол жарыстың финалында жеңген отандасы Уранцэцэг Мунхбатты бұл жарыста да жеңді. Алайда финалда Во Кионг Джонгпен (Оңтүстік Корея) кездесіп, үш ескерту нәтижесімен жеңіліп қалды.
66 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Жансай Смағұлов пен Елдос Жұмақанов екінші айналымнан аса алмады. Екі күміс еншілеген ұлттық құрама командалық есепте үшінші орында келеді.