
Кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Статистика не дейді?
Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2023 жылы ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 619,2 мың адамға жетсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 666,1 мың адамға жеткен.
Дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың жалпы санының 9,6%-ы ұлттық спорт түрлерімен шұғылданады. Бүгінде республика бойынша ұлттық спорт түрлерінен 16 555 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар, кадр даярлау саласында 15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 17 спорт клубы бар.
Федерациялар туралы
Ұлттық спорт қауымдастығы құрамында 10 федерация жұмыс істейді: көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, бәйге, садақ ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату, JORYQ ат спорты. Одан бөлек жаппай көкпар, қазақ күресі және жекпе-жек федерациялары бар.
"Ұлттық спорт түрлері ел тұрғындары арасында танымал болып қала береді. Олардың ішінде стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын тоғызқұмалақ, 159 мыңнан аса адам жаттығатын қазақ күресі және 78 мыңнан аса қатысушысы бар көкпар спорты ерекше мәнге ие", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, былтыр елордада көшпенділер Олимпиадасына баланған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті.
Ұлы даланы дүбірге бөлеген жарысқа әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ден аса спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!