Футболдан ҚР кубогының жартылай финалындағы бірінші ойындар мәресіне жетті. Алматының «Қайраты» Қостанайда ірі есеппен жеңіске жетсе, «Ақтөбе» өз алаңында «Астанаға» жол берді.
Владимир Газзаев жаттықтыратын «Ақтөбе» бұл маусымдағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Осыған дейін кубок пен премьер-лига ойындарында ұтылмай келе жатқан болатын. Қонақтарға басымдық сыйлаған екі гол да бірінші таймда соғылды. 18 минутта Бауыржан Жолшиев есеп ашса, 33 минутта Біржан Құлбеков нәтижені еселеп кетті. Енді «Астана-Арена» стадионында өтетін қарымта кездесу 23 қыркүйекке жоспарланған.
Қостанайдың «Тобыл» клубы өз алаңында Владимир Вайсс жаттықтыратын «Қайратқа» есе жіберді. Ойынның 14 минутында Жерар Гоу пенальти соға алмағанмен, араға 5 минут сала есеп ашты. Екінші таймда Бауыржан Исламхан мен Исаэль бір-бір голдан соғып, финал жолдамасын ертерек шешуге жағдай жасады. Қарымта кездесу 23 қыркүйекте Алматыда өтеді.