Ел клубтары еурокубок жарыстарын аяқтады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Ел клубтары еурокубок жарыстарын аяқтады

Футболдан Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткен «Астана» мен «Ақтөбе» командалары қос кездесуінде де қарсыластарына есе жіберіп, еурокубок жолындағы жорықтарын аяқтады.

БӨЛІСУ

Өз алаңындағы бірінші ойында бір доп айырмасымен жеңілген «Ақтөбеден» жанкүйерлер үміт күткен еді. Бірақ, Владимир Газзаев шәкірттері Варшавада мүлде бабында өнер көрсеткен жоқ. Данило Неко мен Алексей Антонов шабуылда шарқ ұрып ойнағанын көзіміз шалмады. Ал қорғаушылардың сәт сайынғы қателігі алаң иелерінің есеп ашу мен пенальти алу мүмкіндігіне септігін тигізді. Өз кезектерінде отандастарымыздың «Легия» қақпасының торын тулататын сәттер де болды. Бірақ, керектеріне жарата алмады. Жылдам шабуылға ұмтылу жүйесін ұстанған «Ақтөбе» ойыны өз жемісін бермеді. Нәтижесінде 2:0 есебімен польшалық клубқа жеңілді. Ал қос кездесу қорытындысында 3:0 есебі тіркелді.

Бұл ойында команданың армениялық футболшылары Маркос Пизелли мен Роберт Арзуманян жарақаттарына байланысты көмектесе алмады. Енді ел кубогы мен чемпиондығына таласатын «Ақтөбеге» сәттілік тілейміз. Әсіресе, шабуыл шебі мен орталық қорғаушылардың ойын мәнерін түзеу клуб үшін маңызды екенін ұмытпағаны абзал.

Ал «Астана» бірінші ойында жақсы өнер көрсеткен еді. Бүгін Испанияда Станимир Стойлов шәкірттерінің ойыны жүрмеді. «АстанаАренада» негізгі құраммен өнер көрсеткен «Вильярреал» қарымта кездесуге қосалқы құрам ойыншыларын шығарды. Негізгі құрамнан үмітті ойыншылар «Эль-мадригалда» барын салды. Барынша белсенуге ұмтылды. Бұйырған мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Нәтижесінде елордалық клуб төрт доп айырмасымен ойсырай ұтылды. Қос кездесуді қоса есептегенде 7:0 нәтижесі тіркеліп отыр.

Жалпы, бұл маусымда ел клубтары өткен маусымдағыдай топтық кезеңге өту ерлігін қайталай алмады демесеңіз, сәтті өнер көрсетті. УЕФА-ның коэффициенттер рейтингінде ел қоржынына рекордтық көрсеткіштегі (осыған дейінгі маусымдармен салыситырғанда) ұпай салып, 32-ші орынға көтерді. Сонымен қатар, жарыс жолына шыққан «Қайрат», «Шахтер», «Астана» мен «Ақтөбенің» де УЕФА рейтингіндегі көрсеткіштері жоғарылады. Келер маусымда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген үмітіміз басым. Еурокубок жолында ел намысын қорғаған клубтарға енді ішкі біріншілікте сәттілік тілейміз.

 Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com