Каньяс «Астана» командасына ауысты
Өткен маусымда қарағандылық «Шахтердың» намысын қорғаған Рохер Каньяс жақында бұрынғы клубы донецкілік «Металлургке» ауысқаны туралы хабарлған болатынбыз. Алайда украиналық ұжым футболшымен келісімшартты бұзды. Медициналық тексеріс кезінде колумбиялық футболшының бір бүйрегі жоқ екені анықталған. Келісімшарттың бұзылуының мәні осында жатыр. Ал «кеншілер» командасы бұл жағдаймен хабардар болып шықты. Ал Виктор Кумыков Каньясты өз қатарларына қосып алуға қарсы емес еді. Бірақ, футболшы елордалық «Астананы» таңдады. Команда мен жартылай қорғаушы арасындағы келісімшарт екі жылға қол қойылды.
Роман Нестеренко «Қайратқа» келуі мүмкін
Өткен маусымда Өскеменнің «Восток» командасының намысын қорғаған қақпашы Роман Нестеренко алматылық «Қайрат» командасына ауысуы мүмкін. 37 жастағы футболшы осыған дейін еліміздің бірнеше клубтарында өнер көрсеткен. Олардың қатарында «Ақтөбе», «Қайсар», «Ордабасы» және «Восток» командалары бар. Ал қазіргі Владимир Вайсс командасының негізгі қақпашысы Давид Лориямен бір клубта да ойнаған екен. 2009 жылы екеуі «Локомотив» қақпасын қорғаған.
Бугаев «Тобылмен» келісімшартын ұзартты
Қостанайлық «Тобыл» командасының молдовалық футболшысы Игорь Бугаев клубпен келісімшартын ұзартты. 2013 жылғы команданың үздік ойыншысы болып танылған шабуылшы жақында Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін деген де ақпарат тараған болатын. Ол өткен маусымда 30 кездесуге қатысып, 13 допты қарсылас қақпасында тулатқан.
Роман Мұртазаев – «Достастық Кубогы» сұрмергені!
Кеше Санкт-Петербург қаласында футболдан «Достастық Кубогы-2014» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Саулюс Ширмялис баптайтын Қазақстан жастар құрамасы бесінші орынға табан тірегені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ал сол доданың үздік сұрмергені болып, «Шахтер» командасының шабуылшысы Роман Мұртазаев танылды. Ол қарсылас қақпасының торын 5 рет тулатқан. Дәл мұндай нәтиже ресейлік Руслан Боловтың еншісінде де бар. Алайда оның екеуін 11 метрлік айып добынан соққан.
Хижниченконың кезекті голы
Польшаның «Корона» командасында ойнап жүрген Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Сергей Хижниченко оқу-жаттығу жиындары барысындағы жолдастық кездесулердің бірінде кезекті голын соқты. Ол осыған дейінгі бір кездесуде де дубль авторы атанған болатын.
«Қайрат» ресейлік клубқа есе жіберді
Алматылық «Қайрат» командасы оқу-жаттығу жиындары барысында Грозныйдың «Терегімен» бақ сынасып, жеңіліп қалды. Кездесу 2:0 есебімен ресейлік команданың пайдасына шешілді. Антонио Феррейра мен Олег Иванов бір-бір голдан еншілеріне жазды.
«Атырау» черногориялық команданы жеңді
«Атырау» командасы дайындығын пысықтау мақсатында черногориялық «Зета» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жеңіс голын Алексей Щеткин соқты. Ал осыған дейін болгарлық «Черно Море» командасымен тең ойнаған еді.
«Тобыл» чех командасынан жеңілді
Чехияның «Зноймо» клубымен шеберлік сынасқан қостанайлық «Тобыл» 3:2 есебімен жеңіліс тапты. Қазақстандық команданың қатарынан Иржи Еспинек пен Артем Дели көзге түсті.
«Ақтөбе» «Ротормен» тең ойнады
2013 жылғы маусымда ел чемпионы атанған «Ақтөбе» волгоградтық «Ротор» командасымен тең ойын өрнегін көрсетті. Есеп 2:2 есебімен аяқталды. Владимир Никитенко шәкірттерінің қатарынан Асхат Тағыберген мен Юрий Логвиненко мергендігімен танылды. Ал осыған дейін қазақстандық клуб тағы да бір ресейлік ұжым «Луч-Энергиямен» тең түскен еді.
"Ордабасы" неміс командасын жеңді
Шымкенттің «Ордабасы» командасы Дрезденнің «Динамосын» 3:1 есебімен жеңді. Кездесуде Азат Нұрғалиев пенальтиді сәтті орындаса, Мардан Төлебек дубль авторы атанды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz, vk.com