«Атырау» командасы «қара маржандарды» жинауда
«Вест Хэм Юнайтед» пен «Фиорентина» командаларында өнер көрсеткен неміс жастар құрамасының жартылай қорғаушысы Савио Нсереко «Атырау» футбол клубымен екі жылдық келісімшартқа отырды. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлап отыр.
Савио Нсереко 2008 жылы жастар арасында неміс құрамасымен Еуропа чемпионы атанған. Сонымен қатар футболшының тәртібі туралы да бірнеше іс қозғалған көрінеді. Ол туыстарының ақшасын ұрлап Тайландта демалысын өткізген екен. Осындай бірнеше тәртіпсіздігі жартылай қорғаушының бір командада көп тұрақтауына жол бермегендей. Ол осыған дейін «Мюнхен-1860» (Германия), «Брешия» (Италия), «Болония» (Италия), «Черноморец» (Болгария), «Юве Стабия» (Италия) және «Васлуй» (Румыния) клубтарының намысын қорғаған.
"Атырау" футбол клубы бұған дейін нигериялық футболшы Майкл Одибе мен камерундық Ги Эссаме «Атырау» футбол клубының жаңа ойыншылары атанған болатын. Одибе бұған дейін белгиялық «Юнион», итальяндық «Сиена», украиндық «Арсенал» (Киев) мен «Днепр» клубтарында өнер көрсеткен. Эссаме, болса ресейлік «Терек», «Нижний Новгород» командаларында тер төккен.
«Ертіс» «Puma» компаниясымен келісімге қол қойды
Немістің «Puma» компаниясы 2014 жылғы маусымда павлодарлық «Ертісті» спорттық киімдермен қамтамасыз ететін болды. Компания мен команда арасындағы келісім 1 жылға белгіленген. Ал «Ертіс» командасы «Adidas» компаниясымен келісімшартын жалғастыруды қаламады.
«Шахтер» еурокубокта қанша қаржыға кенелді?
Бұл маусымда «Шахтер» командасы еліміздің атын бір көтеріп тастады. Ендеше Виктор Кумыков шәкірттері еурокубок жолындағы тартыста қанша қаржыға кенелді деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңіне шыққан командаға 2,1 миллион еуро сыйақы берілсе, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне өткен 48 командаға қосымша сый қаржылар тағы да тағайындалған. Оның көлемі 1,3 миллион еуроны құрайды. Ал топтық кезеңдегі әр жеңіс – 200 мың еуро, тең ойын үшін – 100 мың еуро сыйақы беріледі. Барлығын қоса қарағанда «кеншілер» ұжымы осы маусымда 3,6 миллион еуроға кенеліпті.
Вичьюс «кеншілер» қатарынан кетуі мүмкін
Қарағандылық «Шахтер» командасының жартылай қорғаушысы Гедиминас Вичюс алдағы маусымда клубта өнер көрсетпеуі мүмкін.
- Мен әзірге не боларын білмеймін. Қазіргі уақытта еркін кеңістіктемін. Бір жағынан алып қарағанда «Шахтерда» қалған маған дұрыс секілді. Мұнда менің қанша достарым бар. Не де болса, спорттық мансабымды тәуір жалғастыруға жол ашуым керек – деді литвалық футболшы.
Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылы Гедиминас Вичюс «Шахтермен» ел премьер-лигасында 18 кездесу өткізіп, бір рет нәтижелі соққысымен ерекшеленді.
Мұхтаров «Ордабасымен» келісішартын ұзартты
Шымкенттік «Ордабасы» командасының қорғаушысы Мұхтар Мұхтаров командада қалу туралы шешім қабылдады.
Осы маусым аяқталғаннан кейін футболшы команда ауыстыруы мүмкін деген ақпараттар тараған болатын. Қорғаушыға алматылық «Қайрат» пен түркиялық «Балыкесирспор» командалары қызығушылық танытқан-ды. Дегенмен 27 жастағы қорғаушы туған қаласының клубында ойнауды жөн деп тауыпты.
Өткен маусымдағы командалар құрамы статистикасы
Ел премьер-лигасының өткен маусымындағы командалар құрамында қанша қазақстандық футболшы және легионерлер жасыл алаңда өнер көрсетті. Ендеше назарларыңызға осы сұрақ төңірегінде жауап іздеген sports.kz сайтының статистикасын ұсынамыз.
Команда құрамындағы қазақстандық футболшылар:
1. «Шахтер» — 26 футболшы;
2-3. «Атырау» — 23 футболшы;
2-3. «Ордабасы» — 23 футболшы;
4. «Тараз» — 22 футболшы;
5. «Восток» — 21 футболшы;
6-9. «Ақжайық» — 19 футболшы;
6-9. «Қайрат» — 19 футболшы;
6-9. «Ертіс» — 19 футболшы;
6-9. «Тобыл» — 19 футболшы;
10. «Ақтөбе» — 18 футболшы;
11. «Жетісу» — 17 футболшы;
12. «Астана» — 16 футболшы.
Команда құрамындағы легоинерлер:
1-2. «Астана» — 9 футболшы;
1-2. «Шахтер» — 9 футболшы;
3-6. «Тобыл» — 8 футболшы;
3-6. «Ордабасы» — 8 футболшы;
3-6. «Ертіс» — 8 футболшы;
3-6. «Атырау» — 8 футболшы;
7-10. «Қайрат» — 7 футболшы;
7-10. «Тараз» — 7 футболшы;
7-10. «Жетісу» — 7 футболшы;
7-10. «Ақтөбе» — 7 футболшы;
11-12. «Ақжайық» — 6 футболшы;
11-12. «Восток» — 6 футболшы.
Ал осыған дейін:
- «Қайрат» футбол клубы Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Алматылық клуб келесі оқу-жаттығу жиынын алдағы жылдың қаңтар айында Абу-Даби қаласында өткізеді.
- Пиралы Әлиев «Ордабасы командасымен келісімшартын ұзартты.
- «Қайсар» мен «Ақжайық» Түркиядағы оқу-жаттығу кезінде жолдастық кездесу өткізіп, тең тарқасты. Ойында есеп ашылмады.
- Танат Нөсербаев "Ордабасыға" қайта оралмақ.
- Марат Хайруллин "Ақтөбеде" қалатын болды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz, vk.com